Стоматологиялық қызметтер құны қалай белгіленеді

АСТАНА. KAZINFORM — Әдемі тістер адамның бет-әлпетіне сән беріп, жымиысын жылы ете түседі. Тек қана сырт келбет үшін емес, тамақты дұрыс жеуге септігі зор. Сондықтан да оның күтімі өте маңызды екені белгілі. Қай уақытта да тіс емханаларын жағалап жүретіндер жетерлік және бұл қызметтің қымбаттап кеткенін айтатындар бар. Зерделеп көрдік.

тіс
Фото: freepik

Студент үшін арзан қызмет емес

Асылжан Мейрамова осыдан бес ай бұрын тісі қатты ауырған соң үйіне жақын орналасқан емхана қызметіне жүгінген. Тексеріп көрген дәрігер емдеу құны 92 мың теңге болатынын айтқан.

— Тісімнің ауырғаны жаныма батып тұрса да, қалтамда ондай көлемде ақша болмады. Студент болғандықтан, бұл мен үшін бір айлық азық-түліктің бағасымен пара-пар. Бірақ клиникада ем ақысын несиемен бөліп төлеуге болады екен. Қарызға емдетуіме тура келді, — дейді ол.

Бұрын тіс емдеу қызметі қымбат дегенде қатты мән бермегенін, бірақ басына түскенде абдырап қалғанын айтты.

— Кейіннен кей жерлерде арзанырақ екенін естідім. Бірақ баға айырмашылығына қарап, сапасына күмәндана бастайды екенсің, — дейді студент.

Стоматолог Айман Абдуллаева бір қызметтің құны әр жерде әр түрлі болуы дәрігердің тәжірибесіне, қолданылатын материалдар сапасына және жасалып жатқан емнің түріне байланысты екенін айтады.

— Қызмет құны емнің қандай материалдармен жасалғандығына және емхананың заманауи технологиямен жабдықталуына байланысты. Егер стоматолог тісті микроскоппен емдейтін болса, оның сапасы да, бағасы да жоғары болады. Жалпы орташа баға диагнозға байланысты. Ең қымбат қызмет түрі — имплантация, — дейді.

Қолданылатын материалдардың шетелден жеткізілуі де әсер ететінін айтып өтті. Тауар бағасы шетелдік валютаның бағамына қарай өзгеріп отырады.

Тіс емдеу
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Қандай жағдайда тісімізді тегін емдете аламыз?

Негізі стоматологиялық қызметтер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кірмейді. Бұл дегеніміз — мемлекет барлық адамның тісін тегін емдеп бермейді деген сөз. Тек МӘМС жүйесі арқылы ақысыз қызмет көрсетіледі. Онда да бұл көмекті арнайы санаттағы адамдар ала алады. Ол санатқа 18 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдер жатады. Оларға жоспарлы болсын, шұғыл болсын стоматологиялық қызметтердің белгілі бір түрлері тегін көрсетіледі.

Ал шұғыл жағдайда Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне, 1, 2, 3-топ мүгедектігі бар адамдарға, атаулы әлеуметтік көмек алатындарға, зейнеткерлерге, қауіпті жұқпалы және әлеуметтік маңызды ауруы барларға, мүгедек балаларға күтім жасауына байланысты жұмыс істемейтін ата-аналарға, «алтын алқа» және «күміс алқа» иегерлеріне тегін тіс емдеу қызметі көрсетіледі.

Ал тегін көрсетілетін қызмет түрлеріне тоқталар болсақ, жоспарлы түрде:

  • Тісті ауыртпай жұлу
  • Тісті емдеп, пломба салу
  • Тісті өңдеу, тазалау
  • Туа біткен ақауы бар балаларға ортодонтиялық көмек (брекет сияқты түзету қызметтері).

Ал шұғыл жағдайда:

  • Тіс жұлу
  • Ауырсынуды басу
  • Химиялық пломба салу
  • Абсцесті ашу (ірің жиналған жерді тазалау)
  • Периостотомия жасау (қатты қабыну болғанда жасалатын шағын операция).
тіс
Фото: Pexels

Жекеменшік клиникалар қалай жұмыс істейді?

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, Қазақстанда жекеменшік тіс емханалары жұмыс істеу үшін бірқатар міндетті талапты орындауы тиіс. Оларға:

  1. лицензия алу
  2. санитарлық талаптарды сақтау
  3. мамандардың білімі мен біліктілігі
  4. техникалық жабдықтардың заманауи әрі талапқа сай болуы
  5. пациенттердің құқықтарын сақтау жатады.

Мемлекеттік және сақтандыру аясында көрсетілетін тіс емдеу қызметтерінің құнын клиника емес, Денсаулық сақтау министрлігі бекітеді. Олар арнайы заңдар мен бұйрықтарға сүйеніп белгіленеді.

Ал жеке клиникалар бағаны өздері белгілей алады. Бірақ олар МӘМС аясында қызмет көрсетсе, онда министрлік бекіткен тарифпен жұмыс істеуі тиіс.

Оған қоса, мемлекет тарапынан жекеменшік стоматологияларға тікелей көмек, субсидия, қаржылай қолдау жоқ. Алайда, егер жекеменшік стоматология МӘМС (сақтандыру жүйесі) немесе ТМККК (тегін медициналық көмек) аясында қызмет көрсететін болса, онда Медициналық сақтандыру қоры арқылы төлем алады. Ал клиника Қормен шарт жасаспаған жағдайда, онда мемлекет ол клиниканың қызметіне жауап бермейді.

Елімізде мектеп медицинасын жаңғырту шеңберінде 1 мыңнан астам оқушысы бар мектептерде стоматологиялық аурулардың алдын алу кабинеттерін ашу жоспарланып отыр.

Жайна Тұрарбек

Соңғы жаңалықтар