«STOP трафик» шарасы барысында республика аумағында адам саудасына қатысты 69 қылмыс анықталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылғы 26-28 наурыз кезеңінде республика аумағында «STOP-трафик» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында криминалдық полиция қызметкерлері адам саудасымен байланысты 69 қылмысты анықтады.
None
None

«Оның ішінде адам саудасының 13, кәмелетке толмағандарды жезөкшелікпен айналысуға тартудың 3, кәмелетке толмағанды сатудың және пайдалану мақсатында адам ұрлаудың 1, жезөкшелікпен айналысуға тартудың 9, сондай-ақ жезөкшелікпен айналысу үшін притон ұйымдастыру немесе ұстау және жеңгетайлықтың 42 фактісі белгілі болды», - делінген ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің мәліметінде.

Мәселен, жедел іс-шаралар жүргізу барысында Алматы қаласының ІІД ҰҚҚКБ қызметкерлері осы қалада тұратын әйел адамды ұстады. Ол 2014 жылы туу туралы куәлікті қолдан жасау арқылы алдын ала сөз байласып, жаңа туған нәрестені одан әрі тәрбиелеу үшін бірнеше мың АҚШ долларына сатып алған. Қылмыстық Кодекстің 135-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Бұдан бөлек, Маңғыстау облысының ІІД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы 28 жастағы Ақтау қаласының тұрғынын анықтап, ұстады. Ол өзімен құрдас қызды ұрлап әкетіп, қала сыртына шығарып, оны пәтерде заңсыз ұстап отырған. Бұл факті бойынша Қылмыстық Кодекстің 125-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

«STOP трафик» шарасы барысында Шығыс Қазақстан облысының ІІД ҰҚҚ КБ қызметкерлері шаруа қожалығында 24 жастағы облыс тұрғынын заңсыз еңбекте пайдалану фактісін құжаттандырды. Қылмыстық Кодекстің 128-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс тергелуде.

Соңғы жаңалықтар