«Странджа-2023» турнирі: Боксшы Ертуған Зейнуллинов жарыстың келесі сатысына шықты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Болгария астанасы София қаласында өтіп жатқан бокстан халықаралық «Странджа-2023» турнирінде қазақстандық Ертуған Зейнуллинов алғашқы жекпе-жегін өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Халықаралық турнирде 63,5 келіде сынға түскен ол 1/16 финалда испаниялық Конде Ойер Ибарречемен шеберлік байқасты.
Кездесу барысында қазақстандық боксшы жинақы қимыл көрсетті. Нәтижесінде қарсыласынан басым түсіп, жарыстың 1/8 финалына жолдама алды.
Енді ол 22 ақпанда өзбекстандық Мужибулло Турсуновпен қолғап түйістіреді.
Айта кетсек, бұған дейін алғашқы жекпе-жегінде жеңіске жеткен Ерасыл Таңқай (60 келі), Оразбек Асылқұлов (57 келі) жарыстың келесі сатысына шықты.
Еске салсақ, аталған жарыста қазақстандық 13 былғары қолғап шебері ел намысын қорғайды.
Фото: Сали Сабиров, ҰОК баспасөз қызметі