Странджа-2025: бұрымды боксшыларымыз финалда тағы екі күміс, бір алтын жүлде алды
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Болгария астанасында өтіп жатқан бокстан халықаралық «Странджа кубогының» финалында бұрымды боксшыларымыз тағы екі күміс, бір алтын медаль жеңіп алды.

Алтын жүлдені отандастарымыздың арасынан +81 келі салмақта Ләззат Күнгейбаева қанжығасына байлады. Ол ақтық сында тағы бір отандасымыз Дина Исламбековамен жұдырықтасып, қарсыласынан басым түсті. Осылайша бір салмақта алтын жүлдені сарапқа салған отандастарымыздың бірі чемпион атанса, екіншісі күміс жүлдегер атанды.
Сондай-ақ 81 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғаған тағы бір отандасымыз Жібек Жарасқызы да күміс жүлдені қанағат тұтты. Ол шешуші айқаста қытайлық Бу Ридумен қолғап түйістірді. Нәтижесінде қытайлық боксшы төрешілер шешімімен жеңіске жетті.
Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін әйелдер арасында төрт қазақстандық боксшы «Странджа кубогының» финалында қарсыластарына жол беріп, күміс жүлдегер атанған болатын. Атап айтар болсақ, Әйгерім Сәттібаева (48 келі), Әнел Сақыш (54 келі), Айдана Забынбекова (57 келі) және Римма Волосенко (60 келі) ел қоржынына күміс медаль салды.
Сонымен қатар Болгариядағы халықаралық жарыста Бекзад пен Сабыржан чемпиондық атаққа жекпе-жексіз қол жеткізді.