Странджа-2025: Ел қоржынына тағы екі күміс медаль түсті
АСТАНА. KAZINFORM - Болгария астанасында өтіп жатқан бокстан халықаралық «Странджа кубогында» бокстан ерлер құрамасынан финалдық кезеңде бірінші болып шаршы алаңға шыққан қазақстандық боксшы Даниял Сәбит қарсыласына жол беріп, күміс жүлдені қанағат тұтты.

Нақтырақ айтсақ, 51 келі салмақта ел намысын қорғаған отандасымыз түркиялық боксшы Самет Гумушпен қолғап түйістірді. Аса тартысты өткен жекпе-жек қорытындысы бойынша төрешілер бір ауыздан жеңісті түрік боксшысына берді.
Одан кейін шаршы алаңға 54 келі салмақта тағы бір отандасымыз Тимур Қабдешов шықты. Ол финалда Өзбекстан боксшысы Шахзод Музафаровтан ұпай санымен ұтылып, екінші күміс жүлдені қанжығасына байлады.
Осылайша бокстан ерлер құрамасынан шаршы алаңға шыққан алғашқы екі боксшымыз да қарсыластарына төрешілер шешімімен жол беріп, күміс жүлдегер атанды.
Осыған дейін көркем жүзуден Париждегі Әлем кубогында Қазақстан тағы бір медаль алғанын жазған болатынбыз.