Странджа-2025: Ерасыл Жақпеков жартылай финалға жолдама алды

АСТАНА. KAZINFORM – Болгария астанасында өтіп жатқан бокстан халықаралық «Странджа кубогінің» төртінші жарыс күнінде тағы бір қазақстандық боксшы Ерасыл Жақпеков жартылай финалға шықты.

Странджа-2025: Ерасыл Жақпеков жартылай финалға жолдама алды
Фото: prosports.kz

80 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасатын отандасымыз ширек финалда Ирландия боксшысы Джеймс Уэланды жарыс жолынан шығарды. Текетіреске толы өткен жекпе-жекте Ерасыл қарсыласын 4:1 есебімен қапы қалдырды.

Ерасыл Жақпеков Қазақстан ерлер құрамасынан жартылай финалға шыққан 9-боксшы.

Осыған дейін Бекзат Нұрдәулетов, ағайынды Нұрбек Оралбай мен Айбек Оралбайлар, Теміртас Жүсіпов, Даниал Сәбит, Мұхаммедсабыр Базарбайұлы, Ертуған Зейнуллинов және Тимур Нұрсейітов жартылай финалға шығып үлгерді.

Демек, қоржынымызда әзірге кем дегенде 9 жүлде тұр деп сеніммен айтуға болады. Жекпе-жек жалғасып жатыр.

Соңғы жаңалықтар