Странджа-2025: Тағы бес бұрымды боксшымыз жеңіске жетті

АСТАНА. KAZINFORM — Болгария астанасында өтіп жатқан бокстан халықаралық «Странджа кубогінің» үшінші жарыс күнінде тағы төрт бұрымды боксшымыз келесі кезеңге өтті.

бокс
Фото: Қазақстан бокс федерациясы

Кешкі сессияда қазақ қыздарынан жеті боксшы шаршы алаңға көтерілді. Нәтижесінде оның бесеуі айқастарын жеңіспен аяқтаса, екеуі жекпе-жектерін аяқтап, көрермендер қатарын толықтырды.

Нақтырақ айтсақ, 52 келі салмақта ел намысын қорғаған Жансая Рахымберді түркиялық қарсыласы Нур Кличчи Еданы 5:0 есебімен жеңді. 54 келіде сынға түсіп жатқан тағы бір аруымыз Анель Сақыш та түркиялық қарсыласы Лаурен Макиеден 4:1 есебімен басым түсті.

Ал 63 келіде жұдырықтасып жатқан отандасымыз Лаура Есенгелді Грекия боксшысы Павлина Пападатоуды 5:0 есебімен қапы қалдырды. 52 келі салмақта Жазира Орақбаева болгариялық боксшы Тала Хаббасты 5:0 есебімен жарыс жолынан тайдырдырса, 54 келі салмақта ел намысын қорғап жатқан Сымбат Алиасқар Ирландия боксшысы Члое Габриельді 5:0 есебімен ұтты.

Өкінішке қарай 54 келі салмақта сынға түскен Елина Базарова мен 63 келі салмақтағы боксшымыз Аружан Жанғабаева екеуі де түркиялық қарсыластарына есе жіберді.

Осыған дейін күндізгі сессияда шаршы алаңға шыққан сегіз боксшымыздың үшеуі жарысты сәтті аяқтап, келесі айналымға өткенін, ал оның бесеуі қарсыластарына жол бергенін жазған едік.

Осылайша бүгін шаршы алаңға шыққан 15 бұрымды боксшымыздың 8-і жеңіске жетті.

Соңғы жаңалықтар