Странджа кубогы: Финалда қазақстандық қос боксшы кімдермен жұдырықтасады
АСТАНА. KAZINFORM – Болгария астанасы София қаласында өтіп жатқан Странджа кубогының финалына шыққан қос боксшымыздың қарсыластары белгілі болды.
Атап айтсақ, бүгін 11 ақпанда Софияда (Болгария) кіші әлем чемпионаты аталып кеткен Странджа кубогының финалында 51 келі салмақта Санжар Тәшкенбай мен 67 келіге дейінгі салмақта Дулат Бекбауов алтын медальға таласады. Екеуінің де қарсыластары үндістандық боксшылар.
Тәшкенбайдың қарсыласы аса тәжірибелі боксшы Амит Пангал болса, Бекбауов тағы бір үнді боксшысы Раджатпен бас жүлдені сарапқа салады.
Жекпе-жектті 21:30 да Qazsport телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.
Естеріңізге сала кетейік, кеше жартылай финалда Санжар Тәшкенбай өзбекстандық Асылбек Жалиловты 3:2 есебімен ұтып, финалға шыққан болатын.
Ал Дулат Бекбауов жартылай финалда алжирлік Абденассер Бенларибиді 4:0 есебімен жарыс жолынан тайдырдып, ақтық кезеңге өтті.
Сонымен қатар 80 келі салмақта ел намысын қорғаған Тұрсынбай Құлахмет жартылай финалда қытайлық қазақ боксшысы Тоқтарбек таңатқаннан ұтылып, қола жүлдегер атанды.