Странджа кубогы: Дулат Бекбауов күміс жүлдегер атанды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Болгария астанасы Софияда бокстан Странджа кубогының соңғы жарыс күнінде Дулат Бекбауов финалда қарсыласына есе жіберіп қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Халықаралық турнирде Дулат Бекбауов 67 келіде Николай Тертерянмен қолғап түйістірді. Қарсыласы - бес дүркін әлем чемпионы. Сондай-ақ, ол жастар арасында Еуропа чемпионатында күміс жүлде алған.
Жекпе-жек тартысты өтті. Төрешілердің жеңісті қай боксшыға беретіні жөнінде пікірі қақ жарылды. Нәтижесінде даниялық былғары қолғап шебері төрешілер шешімімен 3:2 есебімен жеңіске жетті.
Осылайша Дулат Бекбауов Странджа кубогының күміс жүлдесін қанағат тұтты.
Еске салсаұ, бұдан бұрын ел құрамасынан Назым Қызайбай (50 келі) мен Махмуд Сабырхан (54 келі) чемпион атанды.
Айта кетсек, бүгін кешкі сессияда енді Сағындық Тоғамбай (86 келі) украиндық Сергей Горсковпен бәсекеге түседі. Ал, Валентина Хальзова (70 келі) ресейлік Галина Головченкомен шеберлік байқасады.