Страсбургте Еуропарламенттің төрт күндік сессиясы басталды
АСТАНА.KAZINFORM — Бүгін Францияның Страсбург қаласында Еуропарламенттің кезекті көшпелі сессиясы басталады.

Күн тәртібінде ЕО-дағы көші-қонды бақылау мәселелері, 2025 жылға арналған Одақтың бюджеті, сондай-ақ әлемдегі өзекті оқиғалар қарастырылады.
Онда Еуропарламент депутаттары Еуропалық Кеңестің Horizon Europe және Erasmus+ (білім беру) сияқты ЕО-ның негізгі бағдарламаларын 1,52 миллиард еуроға қысқарту туралы ұсынысына қарсы шығады.
21 қазан күні кешке Италияның бұрынғы премьер-министрі Энрико Летта ЕО-ның ішкі нарығын нығайту туралы баяндамасын ұсынып, артынша тақырып бойынша пікірталас өтеді.
Еуростаттың соңғы деректеріне сәйкес, өткен жылы ЕО халқының 21,4%-ы (94,6 миллион адам) кедейлік немесе әлеуметтік оқшаулану қаупіне тап болған. Ең жоғары көрсеткіш Румынияда (32%), Болгарияда (30%) және Испанияда (26,5%) тіркелді.
22 қазанда еуропалық депутаттар Украина тақырыбын талқылайды. Талқылаудан кейін олар осы елге 35 миллиард еуроны құрайтын қаржылық көмек пакетіне (G7 қолдау бастамасының бөлігі ретінде) дауыс береді.
Еуропарламент Таяу Шығыстағы жағдайды да талқылауды жоспарлап отыр. Сейсенбі күні Ливандағы жағдай туралы пікірталас болады. Еуропарламент Израильдің Ливандағы БҰҰ уақытша күштерінің нысандарына бірнеше рет шабуыл жасағаннан кейін елдегі БҰҰ миссиясын қорғауға шақырады.
23 қазанда күннің басты тақырыбы көші-қон мәселелесіне ауысады. Еуропарламент депутаттары Еуропалық комиссиямен Еуропада тұруға құқығы жоқ үшінші елдің азаматтарын қайтаруды жеңілдету үшін ЕО заңнамасына енгізілетін ықтимал өзгерістерді талқылайды.
Сондай-ақ 17 қазанда Брюссельде өткен Еуроодақ саммитінің қорытындысын талқылайды. Саммиттен кейін көші-қон мәселесі осы сессияның өзекті тақырыбы болып қала береді, өйткені парламенттің саяси топтары да ортақ көші-қон саясатын қалай жүргізу керектігі жөнінде ортақ пікірде.
Бұған дейін Қазақстан мен Еуропалық Одақ парламентаралық ынтымақтастығын нығайтты.