«Стратегия-2050» бағытымен: Мемлекеттік қолдаудың көптеген бағдарламалары дер уақытында қабылданды әрі Қазақстанның орта және шағын бизнесіне қиын сәтте демеу болды - Мәжіліс депутаты Меруерт Қазбекова

АСТАНА. 2 желтоқсан. ҚазАқпарат - Осыдан бір жыл бұрын, Тәуелсіздік күні қарсаңында Мемлекет басшысы қоғам назарына «Стратегия-2050» бағдарламасын ұсынған болатын. Аталған құжатта Елбасы отандық кәсіпкерлік жаңа экономикалық бағыттың қозғаушы күші болып табылатындығын айта келе, отандық кәсіпкерлерді қолдау тетіктерін жетілдіру және олардың мүдделерін қорғау мен ілгерілету үшін қажетті барлық шараны қабылдау қажеттігіне баса мән берген еді. «Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 2030 жылға қарай, ең аз дегенде, екі есе өсуге тиіс», - деген еді Қазақстан Президенті.
None
None

Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасымен еліміздің Министрлер кабинеті заңнамаларды жетілдіріп, шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған түрлі бағдарламаларды әзірлеген болатын.

Осы ретте «ҚазАқпарат» тілшісіне сұхбат берген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» партиясының фракция мүшесі Меруерт Қазбекова қолға алынған шаралардың шағын және орта кәсіпкерлік салаларындағы тиімділігі жайында тарқата айтып берді.

- Меруерт Айтқажықызы, Қазақстандағы шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау шаралары туралы айтып берсеңіз. Жалпы, олардың тиімділігі қаншалықты?

- Егер барлық қабылданған құжаттар мен бағдарламаларды алып қарастыратын болса, шағын және орта бизнесті дамыту бағытында мемлекеттің атқарып жатқан ісі көп екендігі сөзсіз. Әсіресе, «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасының мән-мағынасы өте зор екендігі рас. Ол дәл дағдарыс кезінде қабылданып, бизнестің өз тіршілігін жалғастыруына мол септігін тигізді. Қазіргі уақытта оған өзгертулер топтамасы енгізілуде. Соңғы 2 жылдың ішінде бағдарламаға мұндай 3 топтама енгізілді, келесі кезек - төртіншісінікі. Оның негізгі мақсаты - шағын және орта бизнес жобаларына әрі шағын жобаларға қолдау көрсетуде басымдық беру.

Атап айтқанда, жаңа бизнес-идеялар үшін гранттар алуға өтінім берген кәсіпкерлікті жаңа бастағандар үшін меншікті қатысу көлемі бойынша талапты төмендету, кәсіпкерлерге инфрақұрылымдық қолдау көрсету тетіктерін нақтылау және жобаларды қарау процедураларын оңтайландыру ұсынылуда.

Кәсіпкерлер мен кәсіпкерлік әлеуеті бар тұлғаларды мемлекеттік қолдау шараларымен кеңінен қамтуды қамтамасыз ету үшін кәсіпкерлікті, бизнес-инкубаторларды, сонымен бірге индустриялық аймақтарды қолдау және оларға қызмет көрсету орталықтарын құру және қызметін жандандыру тетіктері анықталатын болады.

«Бизнес кеңесші» қысқа мерзімді оқыту бағдарламасымен кәсіпкерлерді кеңінен қамту үшін кәсібін енді бастағандарға - «Бизнес кеңесші-1», жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлерге - «Бизнес кеңесші-2» бағдарламаларын құру ұсынылады.

Өңірлік даму министрлігінің ақпаратына сәйкес, қазіргі таңда экономикадағы әрбір бесінші жаңа жұмыс орны бағдарламалар аясында құрылғандығын әрі бағдарламадағы мемлекеттік қолдау шараларымен 36 мыңнан астам кәсіпкер қамтылғандығын атап өткен орынды. «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы шараларын жүзеге асырудың нәтижесінде 145 мыңнан астам жұмыс орындары сақталып, жаңадан шамамен 40 мың жұмыс орны құрылды. Бағдарлама аясында барлығы 2861 жоба 642 млрд. теңгеге субсидияланды. Кәсіпкерлікті енді бастаған 137 адамға 408 млн. теңге сомасында гранттар берілді.

«Даму» қоры тарабынан да шағын және орта бизнесті қолдау мен дамытуға бағытталған бағдарлама бар. Олардың бірі - «Өңірлерде кәсіпкерлікті қолдау орталығын құру». Аталған орталықтар облыстардағы бизнесмендер мен кәсібін енді бастағандарға консультациялық кеңес береді. Кәсіпкерлікті қолдау бағытында құрылған орталықтар клиенттеріне салық салу, салық салу есептілігінің нысанын дайындау және толтыру, бизнес жоспарлар түзуде кеңес беру, қаржыландыру құжаттарын тапсыру, бизнесті тіркеуде кеңес беру, білім беру гранттарын ұсыну, маркетинг саласында кеңес беру сынды стандартты қызмет түрлерін тегін көрсетеді.

Бұған қоса, 2010-2014 жылдарға арналған агроөнеркәсіп кешенін дамыту, «Даму-көмек» мүгедек кәсіпкерлерге қолдау көрсету бағдарламаларын да атап өткен орынды.

Ауқымды әрі өңірлік бағдарламалар, мәселен, бизнесті дамытуға бағытталған ҮИИД МБ, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламалары да бар.

Сондай-ақ кәсіпкерлерді мемлекеттік органдар тарабынан тексеруге мораторий жариялау арқылы шағын және орта бизнеске қолдау көрсету тетігі де енгізілді. Бұл да бизнестің өзін-өзі сақтап қалуына мол септігін тигізіп отыр. Бір сөзбен айтқанда, Тәуелсіздік жылдары ішінде бизнесті дамыту үшін, оның ішінде Елбасының жеке қолдауымен көптеген шаралар атқарылуда. Дегенмен, өкінішке орай аталған шаралардың тиімділігі мардымсыз болып отыр. Біраз жыл бұрын елдің ЖІӨ-сіндегі ШОБ үлесін 40 пайызға жеткізу тапсырмасы жүктелген болатын. Ал бұл көрсеткіш осыдан 7 жыл бұрын 18 пайызды құраса, қазір де дәл сол жағдай орын алуда.

Дегенмен, бағдарламалардың барлығы да тамаша, кәсіпкерлікті дамытуға және қолдауға мол қаржы бөлінді. Алайда олар із-түссіз кетуде. Бұған жауап ретінде біздің партия тиімсіз жұмыс істеп тұрған басқа бағдарламаларға тексеру жүргізуді әрі аталған қаржыны тиімділік беріп отырған бағдарламаларға аударуды ұсынған болатын. Дәл солай болатындығына сенім артамыз.

- Сіздің көзқарасыңызша, бизнесті қолдауға бағытталған бірқатар бағдарламалар неліктен тиімсіз болып отыр?

- Менің көзқарасымша, бірінші әрі ең басты себеп - кей кезде бизнесті дамытуға тиісті мемлекеттік қызметтер бәрін керісінше істейтін сияқты. Міне, солар кедергі келтіріп отыр. Өйткені, білікті емес. Ешқашан істемеген ісіңмен қалай айналысуға болады? Олар мүмкін, жаман адам да, нашар маман да емес шығар, дегенмен іс жүзінде бизнеспен айналыспаған. Бюджетті ұрлау, кешіріңіз, бұл мүлдем бизнес емес қой. Қалау мен істей алу - бұл екі бөлек нәрсе. Менің көзқарасымша, жергілікті орындарда, тиісті министрліктерде айналысып отырған тақырыбынан бейхабар адамдардың жұмыс істейтіндігі жиі кездеседі. Олар істі теориялық тұрғыдан ғана біледі. Ал іс жүзінде бұл адамдар дәріні иіскеп те көрген емес. Міне, дәл осы жайт кедергі әрі мұндай кезде жағдайды жетік білмеу де себеп бола алады. Иә, олар нұсқау бойынша жұмыс істейді. Бірақ, оларды соңғы нәтиже қызықтырмайды да. Жоғарыда аталған бағдарламаларды жүзеге асыру барысында кейде «кім ақшаны барынша шығындайды» деген индикатор қолданылады. Әрине, бәрі де керісінше болуы тиіс, яғни, аз шығындармен барынша жоғары тиімділіке қол жеткізуге ұмтылу керек қой. Міне, нақ осы басты индикатор болуы қажет-ақ.

Жергілікті жерлерде кеңсе қызметкерлерінің қандай да бір идеяны жүзеге асыру талпынысы адамдардың наразылығын туындатып жататындығын да жасырып қайтеміз. Бұл тұрғыда зор үміт ақыры соңында міндетті мүшелік пен мүшелік жарна енгізілген Кәсіпкерлердің ұлттық палатасына арттылатындығы рас. Осы ретте Кәсіпкерлердің ұлттық палатасы кәсіпкерлер мен шенеунктер арасындағы дәнекер ретіндегі тиімді тетікке айналуы тиіс.

Қазақстан Президенті «Стратегия-2050»-де атап өткендей, халықаралық тәжірибені талдау кәсіпкерлердің палаталарға топтасуы - экономиканың тиімділігінің маңызды факторының бірі, осылай істелген жерлерде «мықты бизнес - мықты мемлекет» қағидасы іс жүзіне асады. Жаңадан құрылып жатқан Кәсіпкерлердің ұлттық палатасы кәсіби-техникалық білім беру, шағын бизнеске, әсіресе ауылдық жерлер мен шағын қалаларда, сыртқы экономикалық қызметте, кешенді сервистік қолдау салаларында мемлекеттік органдардың өкілеттілігі мен қызметтеріне кеңінен құқық беретін болады. Біз Кәсіпкерлердің ұлттық палатасы Үкіметтің сенімді әрі құзіретті әріптесіне айналады деп күтеміз.

Соңғы жаңалықтар