ҚСЗИ-де журналистерге арналған екі күндік аналитикалық семинар өтті
АСТАНА.KAZINFORM – Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында (ҚСЗИ) Kazinform агенттігінің журналистеріне арналған оқыту-талдау семинары өтті.
Семинар ҚСЗИ басшылығы мен Президент телерадиокешенінің бірлескен бастамасымен ұйымдастырылды. Семинарда ҚСЗИ сарапшылары: саясаттанушылар, экономистер, әлеуметтанушылар дәріс оқыды.
Семинардың бірінші күні журналистерге ҚСЗИ қызметінің негізгі бағыттары туралы айтылды. Бұдан кейін спикерлер мен БАҚ өкілдері сарапшылар мен медиақауымдастықтар арасындағы өзара байланысты талқылады.
Сондай-ақ, қазақстандық белгілі сарапшылар жаһандық және аймақтық қауіпсіздік мәселелеріне, Қазақстанның халықаралық ұйымдарға қатысуына қатысты өз пікірлерін білдірді.
Семинардың екінші күні сарапшылар журналистермен экономикалық тақырыптағы аналитикалық метариалдарды оқырмандар үшін қарапайым әрі түсінікті етіп жазу жолдары туралы кейстермен бөлісті.
Ақпарат агенттігінің қызметкерлері эмпирикалық деректерге негізделген аналитикалық мақалалар жазуды да үйренді.