Стратегиялық маңызы бар Каспийдегі 5 мемлекеттің мүддесі қандай

АСТАНА. ҚазАқпарат – Әлемде жалғасып жатқан тұрақсыздық пен жаңа дамыту үрдістері ауқымды мұнай-газ ресурстарына ие Каспий теңізіне шығатын елдердің экономикалық дамуына әсер етеді. Осы орайда ҚазАқпарат тілшісі Каспий маңы мемлекеттерінің теңіз және мұнай-газ инфрақұрылымын дамытудағы мәселелері мен мүмкіндіктерін анықтап көрді.
None
Фото: rail-news.kz

Қазақстан - Каспий аймағындағы сауда әлеуеті жоғары мемлекет

Қазақстан Каспий аймағында сауда әлеуеті жоғары мемлекет саналады. Өңірде мұнай өндіру бойынша Ресейден кейінгі екінші орында. Біздің еліміз мұнай құбырлары желісі негізінде ресми Мәскеумен тығыз байланысты. Оның ішіндегі ең ірісі – Каспий құбыр консорциумы. Қазақстан мұнайының 80%-дан астамы негізінен құбырмен тасымалданады. «Қара алтынды» экспортқа жөнелту мынадай магистральдық құбырлар арқылы жүргізіледі: Каспий құбыр консорциумы - қазақстандық барлық мұнай экспортының 70%-дан астамы, «Өзен-Атырау-Самара» мұнай құбыры, «Атасу-Алашанькоу» мұнай құбыры (Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Құмкөл кен орындарындағы мұнайды, сондай-ақ транзиттік Ресей мұнайын Қытайға тасымалдау үшін), «Қарашығанақ-Орынбор» тасымалдау жүйесі.

Фото: cpc.ru

Бұлардан басқа, кейбір жер қойнауын пайдаланушылар мұнайды экспортқа Ақтау теңіз порты арқылы шығарады. Ал Құрықтан «қара алтын» аз көлемде ғана жөнелтіледі. Мұнай тасымалдау үшін темір жол көлігі де пайдаланылады. Олар мына бағыттарды қамтиды: Ақтау порты арқылы Әзербайжанға, Иранға, Түркияға және басқа да мемлекеттерге, Бейнеу шекаралық станциясы арқылы Орта Азия елдеріне, Ақсарай шекаралық станциясы арқылы Еуропаға, Достық және Алтынкөл шекаралық станциялары арқылы Қытайға, Озинки шекара станциясы арқылы Еуропаға.

Фото: portaktau.kz

Қазақстан мұнай тасымалының болжамды көлемін үлгерту үшін теміржол көлігінің техникалық жай-күйін, желілердің өткізу қабілетін, мұнайды құю және төгу пункттерін дамытуы қажет. Бұл «Қашаған» жобасының қатысушылары үшін өзекті. Биыл инфрақұрылымды жетілдіру үшін тиісті шешім қабылданады деп жоспарланып отыр. Бұл туралы жоба операторы мәлімдеді. Олар наурызда сынақ ретінде 7 мың тонна мұнай партиясын жіберді. Ол «Қашағаннан» Каспий арқылы Баку портына, одан әрі Баку-Тбилиси-Джейхан бағытына жөнелтілді.

Фото: holding-trans.ru

Әзербайжан наурыз айының соңынан бастап қазақстандық «Теңіз» кен орнынан мұнай тасымалдауды бастады. Биыл Баку-Тбилиси-Джейхан бағыты бойынша Қазақстаннан 1,5 млн тонна «қара алтын» транзиті жоспарланып отыр. Елімізден Баку арқылы мұнай тасымалдау шешімі былтыр Каспий құбыр консорциумында (КҚК) туындаған мәселелерге байланысты қабылданды. Өткен жылы КҚК жұмысындағы олқылықтар кесірінен Қазақстан «қара алтын» өндіру көлемін төмендетті. Ал бұл мұнай кірістері мемлекеттік бюджетінің 30-45% қалыптастыратын ел үшін теріс әсер етті.

Фото: mcc.kz

Қазақстандағы мұнай кен орындарының көпшілігі Ақтау портының маңайында орналасқан. Аталған портта мұнай мен мұнай өнімдерін тиеу жүзеге асырады. Ол 1,5 млн тонна жүк, контейнерлер мен 10 млн тонна мұнай өткізуге қауқарлы.

Бұған дейін теңіз арқылы мұнай тасымалдайтын қазақстандық ұйым «Қазақтеңізкөлікфлоты» ЖШС болған еді. Оның иелігінде 305 мың тонна жүк тасымалдауға қауқарлы 8 танкер, жүк көтергіштігі 3,6 мың тонна болатын 5 тіркеме, 8 баржа-алаң және 6,2 мың тонна салмаққа арналған 2 жүк кеме бар. Дегенмен Баку бағытында жөнелтілетін мұнайды әзірге Әзербайжан танкерлері тасымалдайды.

Фото: facebook.com/portaktau

Қазақстан таяу жылдары Баку арқылы 6,5 млн тоннаға дейін мұнай экспорттауды жоспарлауда. Тіпті жылына 20 млн тонна тасымалдауға мүдделі екені мәлім болды. Алайда, Әзербайжан тарапы жылына 10 млн тонна мұнай қабылдай алатынын мәлім етті.

Ресей айналасында өрбіп жатқан әлемдік тенденциялар былтыр Қазақстанның Каспий арқылы жүк тасымалының көлемін 2 есе арттыруына сеп болды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен хабарлағандай, жүктер Транскаспий халықаралық көлік дәлізі арқылы жөнелтілді. Ақтау және Құрық теңіз порттары арқылы жүк жіберу 2022 жылы 2 есе (1,7 млн тоннаға дейін), ал контейнерлік тасымалдар 34%-ға өсті. Негізінен түсті метал, химиялық өнімдер, дәнді дақылдар, халық тұтынатын тауарлар және өзге де заттар тасымалданды.


Санкция салдарынан Ресейдің Каспий теңізі арқылы тауар тасымалдау көлемі төмендеді

Қалыптасқан геосаяси жағдай Ресейдің Каспийдегі мұнай-газ жобаларына қолбайлау болған жоқ. Дегенмен кейбір кен орындарын игеру мерзімі кейінге шегерілді. Әзірге «Лукойл» Каспийдегі «қара алтынға» қатысты жобалар саны бойынша (барлау және бұрғылау - ХХ ғасырдың 90-жылдарынан бастап) көш бастап тұр. Аталған компания 11 кен орнын ашты, оның алтауы ірі болып саналады.

Фото: report.az

Негізінен, Ресей мұнайы өз аумағындағы құбырлар арқылы тасымалданады. Алайда, Еуропа елдері ресми Мәскеудің «Дружба» құбырынан «қара алтынды» сатып алу көлемін азайтуы мүмкін. Былтыр желтоқсаннан бастап халықаралық санкцияларға байланысты «Лукойл» мұнайының бір бөлігін кен орындарынан тікелей айдау жүргізілмейді.

Ал биыл ақпанда «Лукойл» қазақстандық «ҚазМұнайГаз» компаниясымен Каспий теңізінің қазақстандық секторында орналасқан «Қаламқас-теңіз, Хазар, Әуезов» учаскесінде мұнай өндіру туралы келісімге қол қойды. Ол үшін 5-6 млрд доллардан астам тікелей инвестиция бағыттамақ.

Фото: facebook.com/kazmunaygaspress

Ресейдің Каспийдегі порттарының жұмысына келетін болсақ, былтыр логистика бұзылып, Махачкала, Оля және Астрахань порттарынан Каспийге тасымалдау көлемі 2 есе төмендеді.

«Биыл жаңа логистикалық көлік бағыттары құрылып, жүк тасымалы көлемі артуы мүмкін. «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізін одан әрі дамыту және оның шеңберінде инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру Каспий өңірі мен Ресей экономикасының өсуіне ықпал етеді деп үміттенеміз», - деп атап өтті «Каспий теңізінің АМП» федералды мемлекеттік басқармасының өкілі Николай Ковалев.

Ресей тарапы Каспийдегі жаңа көлік-логистикалық бағыттарын дамытудан бөлек, туристік саладағы ынтымақтастыққа ден қойып отыр. Атап айтқанда, халықаралық жағдайға және Ресей азаматтарына бірқатар шет мемлекеттердің визасын беруді тоқтатуға байланысты Каспий аймағына қызығушылық артып келеді. Сондықтан теңізде және жағажайларда туристік маршруттар құру жоспарлануда.


Жақында «Ростуризм» басшысы Зарина Догузова 2024 жылы Каспийге алғашқы круиздік кеме жіберілуі ықтимал екенін және бұл теңіз бассейнінде қажетті қосымша көлік инфрақұрылымының дамуын ынталандыратынын мәлім етті.

Түрікменстанда көмірсутек шикізатын өңдеуге арналған өнеркәсіптік объектілер ашылуда

Түрікменстанның ірі теңіз порты - Түрікменбашы халықаралық порты. Ол жылына 17 млн тонна жүк жөнелтуге қауқарлы. Портта паром және бірнеше жүк терминалдары бар. Сонымен бірге, ол бір уақытта 17 кемеге қызмет көрсете алады. Шағын жүк терминалының жобалық қуаты жылына 3 млн тонна.

Фото: port.com.tm

Каспий көмірсутектерін игеруге тоқталсақ, сәтті жүзеге асырылып жатқан жобалардың бірі – «Dragon Оil». Биыл наурыз айының соңында «Dragon Oil» иелігіндегі «Лам» және «Жданов» кен орындары арасында қосымша құбыр жүргізу үшін Әзербайжаннан «Сүлейман Везиров» құбыр төсеуші кемесі келді. Сонымен қатар, Түрікменстанда «Petronas» компаниясы жұмыс істейді. Бұған қоса, Әзербайжан мен Түрікменстан Каспий теңізіндегі «Достлук» мұнай кен орнындағы көмірсутек ресурстарын барлау және игеру жөнінде келісім жасасу бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр.

Түрікменстан 10 жылдан астам уақыт бойы Баку-Тбилиси-Джейхан мұнай құбыры арқылы «қара алтынның» бір бөлігін тасымалдап келеді және өткен кезеңде транзит көлемі 32 млн тоннадан асты. Көптеген сарапшылар Түрікменстан мен Әзербайжан арасындағы кен орындарын Каспий арқылы өтетін газ құбырымен байланыстыруға болады деп санайды. Бірақ іс жүзінде бұл идея қолдау таппады. Өйткені, ресми Ашхабадтың газ экспорты көбіне Қытайға бағытталған.

Фото: interfax.az

Түрікменстанның көмірсутек ресурстары шамамен 71 млрд тоннадан астам мұнай эквивалентімен бағаланады. Оның 20 млрд тоннасы «қара алтын», ал 50 трлн текше метрден астамы табиғи газ. Елдің 2030 жылға дейінгі даму стратегиясына сәйкес, Қытайға бағытталған газ құбырының төртінші тармағын, Түрікменстан-Ауғанстан-Пәкістан-Үндістан газ құбырын салу көзделген. Алайда, бұл жобалар қаржыландырудағы қиындықтарға байланысты тоқтап тұр.

Фото: Юрий Смитюк/ТАСС

Қазіргі уақытта Түрікменстан тарапы көмірсутек шикізатын өңдеуге арналған өнеркәсіптік нысандарды құруға көп көңіл бөліп жатыр. Бұл реттегі жұмыстардың көрінісі ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енген әлемдегі алғашқы табиғи газдан бензин өндіретін Ахал велаятындағы зауытты атап өтуге болады. Сондай-ақ, таяуда Түрікменстан өңірлерінде жаңа газ-химия кешендерін салу жоспарлануда.

Фото: business.com.tm

Каспийдегі ең ірі сауда флоты – Әзербайжанда

Әзербайжанда Каспийдегі ең ірі сауда флоты бар. Онда 53-тен астам кеме қызмет көрсетеді, сұраныс бойынша жалға беріледі. Баку теңіз портының өткізу қабілеті жылына 15 млн тонна. Алдағы 3-5 жылда оның қуаттылығы 25 млн тоннаға дейін ұлғаяды.

Бүгінде «Hydrotrans Engineering Mühəndislik Mərkəzi» ЖШҚ аумағында астық терминалын салу бойынша жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленді. Енді мұнда мұнай қабылдаудан бөлек, бидай транзитін жолға қою жоспарланған.

Осы орайда, Әзербайжанның Ресей және Иранмен «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізін дамыту жөніндегі келіссөздері қайта басталады.

Фото: portofbaku.com

Мұнай-газ операцияларына келетін болсақ, Әзербайжан Түрікменстан мен Қазақстанның мұнай транзиті үшін 2024 жылы Баку-Тбилиси-Джейхан бағытында мұнай құбырының өткізу қабілетін арттыруды жоспарлап отыр (қазір тәулігіне 1,2 млн баррель).

Фото: azertag.az

Каспийді игеру Әзербайжан үшін әрқашан маңызды. Осы ретте бұл ел биыл «Абшерон» кен орнынан алғаш рет газ өндіру ісін бастайды. «Шах-Дениз» негізгі кен орнында газ алу көлемі барлық қуатта (жылына 26 млрд текше метр) жұмыс істемек. Азери-Чираг-Гүнешли блогында және басқа да алаңдарда зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Дегенмен, бірқатар қаржылық және логистикалық мәселелерге байланысты «Орталық Шығыс Азери» орнынан мұнай өндіру жұмыстары біршама кешіктірілді.

Әзербайжанның Экономика министрі Микаил Джаббаров Каспий маңы мемлекеттерінің кластерлер құруда, атап айтқанда кеме жасаудағы ынтымақтастығын дамыту қажет деп санайды.

Фото: geliomedia.ru

«Бакуде заманауи кеме жасау зауыты жұмыс істеп тұр. Каспийдегі өсіп келе жатқан транзиттік әлеует жаңа кемелерді қажет етеді. Жүк ағынының, көлік айналымының ұлғаюы көлік дәліздерінің одан әрі кеңеюіне оң әсер ететін болады. Бірлескен жобаларды іске асыру үшін барлық негіз бар деп ойлаймын», - деп атап өтті М.Джаббаров былтыр Мәскеудегі кездесуде.

Иран жүктерді «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық дәлізі арқылы тасымалдауға мүдделі

Қазір халықаралық санкцияларға байланысты әлсіреген Иран түрлі мақсаттағы жүктерді Каспийдегі «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық дәлізі арқылы тасымалдауға да мүдделі. Биыл наурыз айында Иранның Сыртқы істер министрі Хоссейн Амир Абдоллахиянмен кездесу кезінде Иран аумағында Ресейден экспортталатын астық үшін көлік хабы құрылатыны айтылды.

«Солтүстік-Оңтүстік» көлік дәлізі бар. Ресейден келетін тауар - бұл негізінен астық. Ресей мен Иранның Бендер-Аббас немесе Бендер-Хомейни портында аймақтағы ең ірі астық хабы құрылуы мүмкін», - деді Ресей Мемлекеттік Думасының өкілі Леонид Слуцкий.

Фото: morvesti.ru

Бұл идея америкалық «Cargill» компаниясының Ресей астығынан бас тартуына байланысты туындаған. Ал, әлемдегі жетекші астық трейдері саналатын «Viterra» Ресей нарығынан кетуі мүмкін екенін мәлімдеді.

Иранның Каспийде халықаралық және республикалық маңызы бар ондаған порттары бар. Дегенмен, теңіз тасымалы көбіне Энсели, Ноушехр, Амирабад (Хазар), Астара және Нека арқылы жүргізіледі.

Каспийдегі Иран порттарына Ресейден бөлек, Қазақстан мен Түрікменстан да қызығушылық танытып отыр. Олар былтырдан бастап Иран басшылығымен келіссөздер жүргізіп жатыр. Бірақ әзірге айтарлықтай нәтиже жоқ.

Фото:irna.ir

Иранның Каспийдегі мұнай-газ операцияларына тоқталсақ, Иран әлі күнге дейін су айдынының құқықтық мәртебесі туралы Конвенцияны ратификациялаған жоқ және теңіздегі көмірсутектерді барлауға көп көңіл бөлмейді. Ол мемлекеттің назары Парсы шығанағына және елдің басқа аймақтарына түсіп отыр. Себебі ондағы мұнай мен газ қоры Каспийдің Иран бассейнімен салыстырғанда әлдеқайда көп.

Қалай болғанда да, Каспийде жаңа көліктік-логистикалық объектілерді құру ауқымды инвестицияны талап етеді. Оған қоса, бұл жұмыстар теңізге шығатын 5 елдің әрқайсысының ұлттық мүддесіне де байланысты.


Соңғы жаңалықтар