Студенттер арасындағы «WorldSkills Kazakhstan» чемпионатының жеңімпаздары анықталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Екі күн бойы елордалық колледждерде жұмысшы мамандықтарды меңгеріп жүрген дарынды студенттер мен кәсіпорындардың жас жұмысшылары конкурс аясында он бағыт бойынша шеберлік байқасты. Конкурс қорытындысы бойынша әрбір санатта мамыр айында өтетін республикалық жарыста Астананың намысын қорғайтын үздіктердің есімдері белгілі болды, деп хабарлады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінен.

Чемпионат Кәсіптік-техникалық және Политехникалық колледждерде өтті. Жалпы, конкурсқа жұмысшы мамандық иелері арасынан 72 адам қатысты. Елордалық студенттер үшін бұл турнир өз машықтары мен дарындылығын көрсетудің бірден-бір мүмкіндігі. Қазылар алқасы дауыс беру арқылы жеңіске лайықты тұлғаларды анықтады. Олар алдымен республикалық жарысқа, ал онда сәтті өнер көрсеткен жағдайда ТМД елдері арасындағы WorldSkills конкурсында бағын сынайтын болады.

Чемпионат қорытындысы бойынша Экономика, технология және тағам өнімдерін стандарттау колледжінің студенті Бауыржан Аусақ үздік аспазшы атанды, Кәсіптік-техникалық колледж студенті Азамат Сабырқұлов ең дәмді кондитерлік өнімдер әзірлеген. «Мейрамхана сервисі» санатында Қоғамдық тамақтану және сервис колледжінің студенті Олжас Жүсіпназар топ жарды.
Конкурста жаңа бастап жатқан құрылысшылар да сайысқа түсті. «Құрғақ құрылыс және сылау жұмыстары» біліктілігі бойынша Политехникалық колледждің өкілдері Әміржан Қыздарбеков пен Константин Новиков бірінші орын алды.
Дәнекерлеушілер арасында да жарыс тартысты өтті. Қазылар алқасының пікірінше, бұл салада «Туран-профи» колледжінің студенті Алмас Матаев жеңіске лайық болды.
Желілік және жүйелік әкімшілендіру саласында Владислав Шлагерь жеңімпаз атанды, Юрий Апретов - ең дарынды веб-әзірлеуші. Бұл екеуі де Политехникалық колледжде оқиды.
Менеджмент және бизнес колледжінің студенті Зарина Нурхалиева шаштараздар арасында ерекше көзге түсті, осы колледждің тағы да бір өкілі Гүлмира Рузматова үздік модельер атанды.

Жарыс балабақша тәрбиешілерінің арасында да өтті. Бұл санатта Гуманитарлық колледж студенті Альмира Тұяқова жеңіске жетті.
Айта кетейік, алтын, күміс және қола жүлде иегерлеріне чемпионат демеушілерінен бағалы сыйлықтар табысталды.
null null

Соңғы жаңалықтар