Студенттер ЭКСПО аумағындағы тұрғын үй орамы жобасын әзірлеуде

Байқау аясында әлемнің 20 елінің жас сәулетшілері «ЭКСПО-2017» көрмесінің аумағында салынатын энергиялық тиімділігі жоғары тұрғын үй кешендерінің жобаларын ұсынады.
«ЭКСПО-2017» көрмесінің «Болашақ энергиясы» тақырыбына сәйкес байқауға қатысушыларға тұрғын сілемінің экологиялық рационалды сәулет жобасын жасап, оның құрамына кіретін бір ғимаратты толық талдау ұсынылды. Студенттер өз жұмыстарында Астананың күрт-континенттік климаттық жағдайлары мен басқа да аймақтық ерекшеліктерін ескеруі тиіс болды. «Байқау тақырыбы - экологиялық, энергия тиімділігі жоғары құрылыс, қазіргі кезде ол өте маңызды болып табылады. Қазақстандықтар Президентіміздің қорларды болашақ ұрпақ үшін үнемдеудің маңыздылығы туралы айтқан сөздерін ұмытқан жоқ деп ойлаймын. 10 жыл бұрын бұл байқау Еуропада өткізілді, ал биыл бізде өтіп жатыр. Оған әлемнің көптеген елдері қатысуда», - деп баяндады ұйымдастырушылардың бірі, Сен-Гобен компаниясының Қазақстан, Орта Азия, Кавказ және Моңғолиядағы директоры Игорь Тяпкин. Байқауға қатысушы 50 команданың жұмыстарын құрамына сәулет және энергия тиімділігі жоғары құрылыстың сарапшылары, «Астана ЭКСПО-2017 ҰК» АҚ-ның, жергілікті басқару органдарының өкілдері, сондай-ақ Saint-Gobain (Сен-Гобен) компаниясының сарапшылары кіретін халықаралық қазылар алқасы бағалайды. Байқау жеңімпаздарының есімдерін жариялау және оларды марапаттау рәсімі 29 мамыр күні Астанада өтеді.