Студенттер «Халықтық құрылыс» бағдарламасына тартылуы мүмкін – депутаттар ұсыныс жасады

АСТАНА. KAZINFORM – «Халықтық құрылыс» бағдарламасына студенттік жасақтарды белсенді түрде тарту керек. Бүгін Құрылтай отырысында Премьер-министр атына сауал жолдаған депутат Қанат Айтуғанов осындай бастама көтерді.

казахстанские школьники и студенты
Коллаж Kazinform/Nano Banana

- Мемлекет басшысы келесі жылды Жалпыхалықтық құрылыс жылы деп жариялады. Демек, ел дамуының стратегиялық бағытын айқындап берді. Осы ауқымды бастама мыңдаған азаматты жұмыспен қамтамасыз етіп, өсіп келе жатқан ұрпаққа жаңа мүмкіндіктер ашады. Қазақстанда 6 миллионға жуық жас бар, бұл халықтың 29 пайызын құрайды. Біз – әлемдегі жасарып келе жатқан ұлттардың біріміз. Сондықтан жастарды дер кезінде жұмыспен қамту – өте өзекті мәселе, - деді депутат.

Оның айтуынша, «Ауыл» партиясы 2024 жылдан бастап студенттік құрылыс топтарын жаңғыртып келеді. Екі жыл бұрын елде болған су тасқыны кезінде осы топтар Солтүстік және Батыс Қазақстан облыстарында 250 тұрғын үй салуға тікелей атсалысты. Осы жұмысты кеңейту мақсатында «Ауыл» партиясы арнайы штаб құрып, тек құрылыс саласында ғана емес, сонымен қатар инженерлік, сервистік және аграрлық бағыттарға арналған студенттік топтар құруға көмектесті. Осы жылдың өзінде 78 топ құрамына мыңнан астам студент қабылданды. 

- «Ауыл» партиясының осы жобасы «Халықтық құрылыс» бағдарламасын іске асыруға үлес қосады деп есептейміз. Студент жастарға арналған жоба оларды жұмыспен қамтамасыз етуге және ел экономикасына білікті кадрлар қалыптастыруға мүмкіндік береді., - деді ол.

Осыған орай Қайрат Айтуғанов Үкіметке мынадай ұсыныстар берді:

- студенттік еңбек жасақтары тәжірибесін республика бойынша қолдау және жан-жақты кеңейту. Бұл жұмысқа әкімдіктерді, бизнесті және оқу орындарын қатыстыру;
- «Халықтық құрылыс» бағдарламасына студенттік жасақтарды белсенді түрде тарту тетігін қарастыру;
- елде жұмыс істейтін «Жасыл ел» сынды барлық жастар ұйымының күшін біріктіріп, олардың қызметін үйлестіруді қамтамасыз ету.

- Бұл шаралар Мемлекет басшысы жүктеген маңызды міндеттерді орындап қана қоймай, ең бастысы жастарға өз елінің жарқын болашағын өз қолдарымен салуға беретін мүмкіндік, - деді депутат.

Бұған дейін депутат Айсұлу Сүлеймен параспортқа қолжетімділікті кеңейтуді ұсынған еді.