Студенттерді әскерге көшеден алып кету: министр жаңа шешім ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM — Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек студенттерді көшеден әскерге алып кету әрекетіне қатысты ұсыныс айтты.

— Назарбаев университетінің студентін әскерге алып кетті, бұл жерде заң сақталып тұр. Біздің жоғары оқу орындарына қабылдау мерзімі мен Қорғаныс министрлігінің әскерге шақыру мерзімі сәйкес келмейді. Нақты Назарбаев университетіне келсек, оқу орны шешімді шілде, тамызда қабылдайды, сондықтан студент мәртебесі болмаса, әскерге алып кетуі мүмкін, — деп жауап берді Саясат Нұрбек Мәжіліс қабырғасында БАҚ өкілдерінің сауалына.
Осы орайда министр студенттерді әскерге шақыру мәселесін Қорғаныс министрлігімен бірлесіп қарастырып жатқанын айтты.
— Біз Қорғаныс министрлігіне мерзімді сәйкестендіру бойынша ұсыныс жасадық. Назарбаев университеті біздің көмегімізбен студент мәртебесін беру туралы шешім қабылдады, бұйрық шықты. Енді бізге мерзімді сәйкестендіру керек, себебі талапкерлер емтихан, сынақ нәтижесін күтеді, ал осы сәтте талапкерді әскерге шақыруы мүмкін. Сондықтан көктемгі және күзгі әскерге шақыру мерзімімен сәйкестендіріп жатырмыз, — деп түсіндірді ведомство басшысы.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде әскерге шақырту жасындағы азаматтарды мәжбүрлі түрде ұстап, жергілікті әскери басқару органдарына жеткізу туралы бейнематериалдарға байланысты Қорғаныс министрлігі ресми түсініктеме берген еді.