Су арналарын жаңғырту баяу: Депутат бюджет шығынын тексеруді ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде су шаруашылығы нысандарын автоматтандыру жұмыстары жоспардан қалып отыр. Қазіргі уақытта 5 681 нысанның тек 208-і немесе 3,7 пайызы ғана автоматтандырылған. Осыған байланысты бүгін Құрылтай отырысында депутат Аббат Өрісбаев Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа сауал жолдады.

Түркістан облысында су арнасынан аудандық маңызы бар жолға қауіп төніп тұр
Фото: Видеодан скрин

Аббат Өрісбаевтың айтуынша, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында су үнемдеу технологияларын енгізу қарқынының төмендігін, суды көп қажет ететін ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру тәжірибесін және суды заңсыз пайдалану фактілерін сынға алған. Осыған байланысты су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасын құру міндеті қойылды.
Депутат су қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін цифрлық технологияларды енгізумен қатар, мемлекеттік қаражатты тиімді пайдалану, инфрақұрылымды сапалы жаңғырту және су үнемдеу бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізу маңызды екенін атап өтті.

Жоғары аудиторлық палатаның 2025 жылғы қорытындысына сәйкес, еліміздегі су шаруашылығы жүйесінде 5 681 нысан бар. Оның ішінде 82 су қоймасы, 4 099 канал, 84 гидротехникалық құрылыс және тік дренаждың 1 416 ұңғымасы бар. Алайда жоспарланған 5 пайыздың орнына небәрі 208 нысан немесе жалпы санының 3,7 пайызы ғана автоматтандырылған.

Сонымен қатар суару каналдарын жаңғырту жоспары да орындалмаған. Жоспарланған 728,4 шақырымның орнына 496,5 шақырым канал ғана жаңғыртылған. Бұған мердігермен жасалған шарттың бұзылуы себеп болған.

Депутат бұл жағдай жобаларды жоспарлау сапасына, мердігер ұйымдарды таңдау тәртібіне және шарттық міндеттемелердің орындалуын бақылауға қатысты сұрақтар туындататынын айтты.

Қаржының тиімді жұмсалуына қатысты да мәселе бар. 2025 жылы республикалық бюджеттен 728,4 шақырым каналды жаңғыртуға 3,269 млрд теңге қарастырылған. Ал 2026 жылы сыртқы қарыз қаражаты есебінен 383,2 шақырымда жұмыс жүргізуге 14,9825 млрд теңге жоспарланған.

– Әрине, жұмыстардың техникалық сипаттамалары мен көлемі әртүрлі болуы мүмкін. Алайда қаржыландыру көлеміндегі мұндай елеулі айырмашылық, әсіресе мемлекеттің сыртқы қарыздарды қайтару жөніндегі міндеттемелерін ескерсек, ашық әрі экономикалық тұрғыдан негізделген түсіндіруді талап етеді, – деді депутат.

Бұдан бөлек, 2026 жылы автоматтандырылған нысандар санын 881-ге дейін ұлғайту жоспарланған. Депутат енгізілген жүйелердің санын ғана емес, олардың іс жүзіндегі тиімділігін де бағалау қажеттігін атап өтті.

Оның пікірінше, су саласындағы мемлекеттік саясаттың нәтижелілігі игерілген қаражат көлемімен немесе жаңғыртылған нысандар санымен ғана емес, судың нақты шығынын азайтумен, сумен жабдықтау сенімділігін арттырумен және пайдалану шығындарын төмендетумен өлшенуге тиіс.

Осыған байланысты Аббат Өрісбаев Үкіметке үш ұсыныс жолдады. Біріншіден, су шаруашылығын жаңғырту және цифрландыру жобаларына кешенді тексеру жүргізіп, жұмыстардың нақты орындалуын, бөлінген қаражаттың тиімділігін, мерзімдердің бұзылу себептерін және орындаушылардың жауапкершілігін бағалау қажет.

Екіншіден, су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғыртуға көзделген бюджет шығыстары мен сыртқы қарыз қаражатының ашықтығы және экономикалық негізділігі қамтамасыз етілуге тиіс.

Сонымен қатар жұмыстардың құны мен нақты нәтижелілігін бағалау ұсынылды.

Үшіншіден, су үнемдеу және су ресурстарын цифрлық есепке алу шараларын күшейтіп, судың көзінен бастап түпкілікті тұтынушыға дейінгі қозғалысын бақылау, су шығынын азайту және су шаруашылығы нысандарын жаңғырту тиімділігінің өлшенетін көрсеткіштерін енгізу қажет.

Бұған дейін депутат Айжан Наимбекова білім беру ұйымдарының балаларды күнделікті тасымалдау қауіпсіздігін қамтамасыз етуіне қатысты мәселе көтерді.