Су айдында шомылғанда қандай ережелерді сақтаған дұрыс

Құтқару жасағы
Фото: Қызылорда облысы ТЖД Жедел құтқару жасағынан

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Алда жаз мезгілі жақын тұр. Әдетте, тұрғындар жылдың жылы мезгілінде су айдындарында суға түсуге ниет танытады. Дегенмен кейбір жағдайда қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы салдарынан мұндай жағдайлар орны толмас өкінішке ұласып жатады. Азаматтар қандай қауіпсіздік ережелеріне назар аударуы тиіс? Осы орайда облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Жедел құтқару жасағының басшысы Бақыт Ембергеновті әңгімеге тартқан едік.

«Негізінде суға түсер алдында оған абайлап кіру қажет. Дененің суға бейімделуіне мүмкіндік беру артық емес. Әрбір азамат өзінің қалтырап тоңуына дейін жеткізбей, 10-15 минутқа дейін ғана шомылғаны жөн болады. Аяқ-қол тартылған жағдайда абыржуға болмайды. Тартылған жеріңізді қатты шымшыңыз немесе өзгелерді көмекке шақырыңыз. Жүзе білмейтін азаматтар белден жоғары тереңдікке баруы өзіне қауіп төндіруі мүмкін. Алкоголь өнімдерін ішуге және мас күйінде шомылуға тыйым салынады. Суда өрескел әдеттерге жол бермеген дұрыс. Денені қыздырған күйі және тамақ іше салып суға түсуге болмайды. Егер өзіңізді нашар сезінсеңіз, суға шомылуды дереу тоқтатған орынды. Үлкен толқындар кезінде суға шомылмаған жөн. Таныс емес орындарда суға секірмеген дұрыс болады. Қайық, айлақ және басқа су құрылысынан суға сүңгу өміріңізге қатер төндіруі ықтимал. Сондай-ақ, жағалаудан алысқа кетуіге болмайды», — деді Бақыт Ембергенов. 

Жасақ басшысы суға шомылу үшін арнайы рұқсат етілген жағажайлар мен жүзу бассейндерін пайдаланған дұрыс екенін айтады. Қоршау белгілерінен әрі бармаған жөн.

«Бастысы, тыйым салынған орындарда суға шомылмаңыздар, моторлы қайықтарға жақын жүзіп бармаңыздар, бұл өміріңізге қауіпті. Сондай-ақ, ата-аналардан сұрайтынымыз, балалардың қадағалаусыз шомылуына жол бермеген дұрыс. Облыс су айдындарында 63 суға шомылуға қауіпті учаске белгіленген. Бұл учаскілерде 310 ескерту тақтайшасы мен 68 билборд орнатылған. Қазір Сырдария деңгейінің күрт төмендеп кетуі салдарынан көпшілік қарық сияқты суда ешқандай қауіп жоқ деген пікір айтады. Дегенмен деңгей төмен болғанымен дарияның суы өте лай және ағысы қатты. Тіпті кей жерде ұйық, енді бір бөлігінде ойық жерлер бар. Ал су асты лайлы батпақ. Аяғыңыз кіріп кетуі мүмкін», — деді ол.

Жыл басынан бері облыс су айдындарында 4 адам қаза тапқан. Олардың 1-і ересек болса, қалғаны балалар. Ал өткен 2023 жылы облыстың су айдындарында 34 адам қаза тапты, оның 8-і кәмелетке толмағандар.

Облыс аумағында рұқсат етілген 4 жағажай бар. 2023 жылғы 13 қаңтарда № 7 қаулысына сәйкес 4 коммуналдық жағажай белгіленді. Олардың қатарында Шиелі ауданында «Ақ орда», Сырдария ауданында «Қалғандария», Қармақшы ауданында «Мұратбаев» және Қазалы ауданында «Қашқан су» орындары бар.

Соңғы жаңалықтар