Су басқан аймақтардағы 20 мың бала үздік демалыс орындарына жолдама алады

АСТАНА. KAZINFORM — Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан  Jibek joly телеарнасындағы «Жаңа уақыт» бағдарламасында су басқан аймақтардағы балалардың жазғы демалысын тиімді өткізу шаралары туралы айтты.

Еділ Оспан
Фото: видеодан алынған кадр

Оның айтуынша, жаз айларында су басқан аймақтардағы 4 мыңнан астам баланың жазғы демалысын көңілді өткізуіне бар жағдай жасалмақ.

«Бұл өңірлерге ерекше екпін беріледі. Жергілікті бюджеттің есебінен және «Қазақстан халқына» қоры есебінен «Жаздық жолдама» атты жоба іске асырылады. 20 мың балаға республиканың үздік демалыс орындарына тегін жолдама беріледі. Бұдан бөлек, бұл өңірлердегі балалар қосымша бос уақытын ұйымдастыру шараларымен де қамтылады», — деді вице-министр.

Айта кетсек, осы аптадағы Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев су тасқынынан зардап шеккен үш өңірде 3,5 мыңнан астам оқушы аралық және қорытынды емтихан тапсырмайтынын мәлім еткен болатын.