Су басқан өңірлерде 16 мың адам үйіне оралды – ТЖМ

АСТАНА. KAZINFORM – Су тасқынынан кейін адамдар үйлеріне оралып жатыр. Сондай-ақ 6950 адам, оның ішінде 3113 бала эвакуациялау пунктерінде қалып отыр. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаш мәлім етті.

су тасқыны
Фото: ҚР ТЖМ

«Су тасқыны туралы бүгін сағат 10:00-дегі жағдай, Төтенше жағдайлар министрлігінің Апаттар медицинасы орталығының психологтары су тасқыны қаупі бар өңірлердің тұрғындарына шұғыл психологиялық және ақпараттық тәулік бойы көмек көрсетіп жатыр. Жедел желі телефонына 1857 қоңырау түсті. Қазіргі уақытта 3709 тұрғын үй мен 2475 аула аумағынан ағын судың бағыты бұрылды», - деді Ерасыл Сайпаш Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында. 

ТЖМ өкілінің мәліметінше, осы уақытта 16 мың адам үйлеріне оралды. 

«6950 адам, оның ішінде 3113 бала эвакуациялау пунктерінде. Сонымен қатар төтенше аймақтардан тұрғындар мен малды қауіпсіз жерге көшіру жүргізіліп жатыр», - дейді ол. 

Бұған дейін су тасқынына байланысты еліміздің бес өңірінде 11 жол жабық тұрғаны туралы хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар