Су басқан үш өңірде сібір жарасы көмінділері зерттелді

түйнеме
Фото: Кazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің бас сарапшысы Ерлан Тасболатов сібір жарасы көмінділерін зерттеу жұмысы туралы айтып берді.

«Еліміздің су басқан 3 облысында сібір жарасы көмілген 10 орын бар. Барлық учаскеден топырақ сынамаларын алу үшін ветеринария және медицина мамандарынан тұратын арнайы жұмыс топтары жіберілді. Әрбір сынама бойынша республикалық ветеринариялық зертханада және Ұлттық ветеринариялық референттік орталықта ПТР және бактериологиялық зерттеулер жүргізілді», - деді Ерлан Тасболатов ОКҚ-де өткен брифингіде. 

Сарапшының мәлімдеуінше, зертханалық сараптама қорытындысы бойынша сібір жарасының болуы анықталмады. 

«Жер бетіне сібір жарасының спораларының шығуы болған жоқ, эпизоотиялық жағдай тұрақты. Сондай-ақ, барлық өңірлерде сібір жарасы, қарасан, аусыл және басқа да аса қауіпті ауруларға қарсы жоспарлы егу жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр» - дейді маман. 

Елімізде су тасқыны салдарынан 6,8 мың бас мал қырылғаны белгілі болды. Республикалық штаб қырылған малдардың құнын өтеу алгоритмін бекітті. 

Соңғы жаңалықтар