Су добы: Қазақстан қыздары әлем чемпионатын жеңіспен бастады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Оңтүстік Кореяның Кванджу қаласында өтіп жатқан су добынан әлем чемпионатында Қазақстан қыздар құрамасы Кубадан басым түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Су добынан әлем чемпионатына қазақстандық қыздар және жігіттер құрамалары бақ сынайды.

Қыздар арасындағы құрамалар әлем біріншілігінде төрт топқа бөлінген. Қазақстандық қыздар С тобында сынға түседі. Қарсыластары - Куба, Грекия, Испания. Бүгін спортшыларымыз алғашқы ойынында Куба құрамасын 9:6 есебімен тізе бүктірді. Енді 16 шілдеде Испаниямен ойнайды. Бүгін Испания Грекиядан 14:4 есебімен басым түсті. Қазақстандық қыздар әлем чемпионатына алтыншы мәрте қатысып жатыр. Олар 2001 жылы сегізінші орын алды. Бүгінгі күнге дейін одан жоғары жетістікке жеткен жоқ.

Ал А тобында Голландия, АҚШ, Жаңа Зеландия, Оңтүстік Африка, В тобында Венгрия, Ресей, Канада, Оңтүстік Корея, Д тобында Жапония, Австралия, Италия мен Қытай құрамалары шеберлік байқасады.

Ал жігіттер құрамасы арасында 16 құрама төрт топ бойынша ойнайды. Қазақстан ватерполшылары В тобында АҚШ, Хорватия және Австралия құрамаларымен кездеседі. Қазақстандық құрама алғашқы ойынын 15 шілдеде АҚШ-қа қарсы өткізеді. Жігіттер әлем чемпионатында 7 мәрте бақ сынайды. Әзірге ең жоғарғы жетістігі ретінде 1998 жылы 11 орын алғаны саналып отыр.

Жігіттер арасында А тобында Черногория, Сербия, Оңтүстік Корея, Грекия, С тобында Оңтүстік Африка, Жаңа Зеландия, Испания, Венгрия, Д тобында Бразилия, Германия, Италия, Жапония құрамалары сынға түседі.

Естеріңізге сала кетелік, 12 шілдеде Оңтүстік Кореяның Кванджу қаласында су спорты түрлерінен әлем чемпионаты басталды. Дүбірлі дода 28 шілдеге дейін созылады. Әлем чемпионатнда суға секіру, хай-дайвинг, ашық су айдынындағы суға жүзу, суға жүзу, синхронды жүзу, су добынан жарыстар өткізіледі.

Соңғы жаңалықтар