Су қоймаларында 15 млрд текше метр орын бар

АСТАНА. KAZINFORM – Елдегі су қоймаларында жалпы көлемі 15 миллиард текше метр бос орын бар. Бұл көлем тасқын кезінде күтілетін су көлемін ұстап қала алады.

су қоймасы
Фото: ҚР Су ресурстары министрлігі

Бұл туралы бүгін БАҚ өкілдеріне арналған брифингте Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы Ерлан Жұмабаев мәлімдеді.

яф
Фото: Kazinform

Жалпы елде ірілі-ұсақты 400-ге жуық су қоймасы бар. Оның ішінде 90-ы республикалық маңызға ие. Спикердің сөзінше, су қоймаларының техникалық жағдайы қанағаттанарлық деңгейде және олар тұрақты түрде тексерістен өткізіліп тұрады.

Қазіргі таңда өңірлер бойынша су қоймаларының толу деңгейі әркелкі. Солтүстік аймақта бұл көрсеткіш 68 пайызды, Орталық өңірлерде 67 пайызды құрайды.

Ал батыс облыстарда су деңгейі 61 пайыз болса, Шығыста 81 пайызға жеткен.

Мамандардың айтуынша, су тасқыны қарсаңында өзендердегі су деңгейі тұрақты бақылауда. Әсіресе, көрші мемлекеттермен шектесетін Жайық пен Тобыл өзендерінің жағдайы жіті қадағаланып отыр.

– Бүгіннен бастап Жайық өзеніне Ресей аумағындағы Ириклинское су қоймасынан жіберілетін су көлемі 60 текше метрге дейін қысқартылды. Бұған дейін бұл көрсеткіш 139 текше метр болған. Аталған шешім Ресей Федерациясымен бірлесе қабылданды. Сондай-ақ Тобыл өзеніне келетін су көлемі де төмендейді. Бұл іс мемлекетаралық деңгейде бірлескен комиссия бақылауымен жүріп жатыр, – деді басқарма басшысы.

Айта кетейік, алдағы жылдары Түркістан облысында төрт жаңа су қоймасы салынады.

Соңғы жаңалықтар