Су қоймаларындағы су көлемі 85 пайызға жетті

АСТАНА.KAZINFORM – 2025 жылғы 2 маусымдағы жағдай бойынша Алматы және Жетісу облыстарындағы ірі су қоймаларына 18,8 млрд текше метр су жиналды. Бұл көрсеткіш олардың жобалық сыйымдылығының 85 пайызына тең. Бұл туралы ҚР СРИМ Су үнемдеу технологияларын дамыту департаментінің директоры Берікбол Шатабайұлы Мәндібаев мәлімдеді.

Қапшағай су қоймасы екінші жыл қатарынан 100% толды
Фото: Су ресурстары және иррегация министрлігі

Министрлік дерегінше, биылғы 1 сәуірдегі көрсеткішке сәйкес, еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі су қоймаларында 26 млрд текше метр су жинақталған. Ал Жамбыл облысында, соның ішінде Киров су қоймасын қосқанда 1 млрд 245 млн текше метр су жиналып, бұл жалпы сыйымдылықтың 82 пайызын құрады.

Су тапшылығы тәуекелдерін азайту мақсатында Шу-Талас су шаруашылығы жөніндегі комиссияның 35-отырысында 2025 жылғы вегетациялық кезеңге арналған су бөлу кестесі бекітілді.

- Биылғы вегетациялық кезеңде Қазақстанға келетін су көлемі мынадай болып отыр: Шу өзені бойынша – 180 млн текше метр, Талас өзені бойынша – 400 млн текше метр су келеді деп күтіліп отыр,- деді маман. 

Сондай-ақ ол өз сөзінде, 2025 жылғы 1 сәуірде Шардара су қоймасына 10,9 млрд текше метр су келуі жоспарланған болатын. Алайда нақты түскен су көлемі 12,6 млрд текше метрді құрап, болжамнан 1,7 млрд текше метрге артық болды.

Ресми ақпарат бойынша, вегетациялық кезеңде Шардара су қоймасына 3,7 млрд текше метр су келуі көзделген. Оның ішінде сәуір айында – 1 млрд текше метр, мамырда – 134 млн текше метр су түскен.

Осыған байланысты Шардара су қоймасына тұрақты су келуін қамтамасыз ету мақсатында министрлік Нарын және Сырдария су қоймалары бойынша мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясы аясында көршілес мемлекеттермен бірлесіп жұмыс жүргізіп жатыр.

- Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстан арасында «Бахри Точик» су қоймасынан маусым–тамыз айлары аралығында жіберілетін су бойынша үшжақты кесте бекітілді. Құжат аясында вегетациялық кезеңде Достық каналы арқылы кемінде 491 млн текше метр су жеткізу жоспарланып отыр, - деді Алмас Дарханұлы. 

Еске сала кетейік, Су ресурстары министрлігі Солтүстік Аралды сақтаудың II кезеңіне кіріскені жайлы жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар