Су ресурстары министрлігі 10 топтық су құбырын жергілікті атқарушы органдардың қарамағына берді
АСТАНА.KAZINFORM — Су ресурстары және ирригация министрлігі 10 топтық су құбырын жергілікті атқарушы органдардың қарамағына берді. Бұл туралы водомствоның баспасөз қызметі мәлім етті.

Су ресурстары және ирригация министрлігі топтық су құбырларын жергілікті атқарушы органдарға беру жұмысын жүргізіп жатыр. Қазіргі таңда 10 нысан әкімдіктерге берілді. Олардың 4-еуі Маңғыстау облысында, тағы 4-еуі Батыс Қазақстан облысында және қалған екеуі Ақмола мен Абай облыстарында.
Қазіргі таңда 11 топтық су құбырын жергілікті атқарушы билікке беру жұмысы жалғасып жатыр. Оның 9-ының құжаттары Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменттерінде. Жалпы саны 41 топтық су құбырын әкімдіктерге беру жоспарланып отыр.
Жергілікті атқарушы органдардың коммуналдық инфрақұрылымды тікелей басқаруға қажетті өкілеттіктері мен құралдары бар. Олар тарифтерді бекітеді, бюджет қаражатын бөледі, сондай-ақ пайдалану мен қайта жаңғыртуға кететін шығындарды жергілікті және республикалық бағдарламаларға енгізе алады. Топтық су құбырларын әкімдіктерге беру – желілерді жүйелі түрде күтіп ұстау мен жөндеу арқылы апаттық жағдайларды азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл шара шығындарды нақты әрі ашық есепке алуға, бюджет қаражатын тиімді пайдалануға жол ашады, судың ысырабын азайтады және жүйелердің энергия тиімділігін арттырады.
Одан бөлек, цифрландыру мен автоматтандыру үдерісін де жеделдетеді. Нәтижесінде, тұрғындар таза ауызсуға тұрақты әрі үздіксіз қол жеткізеді. Бұл – су саласындағы мемлекеттік саясаттың басты міндеттерінің бірі.
– Сонымен қатар Су ресурстары және ирригация министрлігі 1,3 млн адамды ауыз сумен қамтамасыз ету үшін ұзындығы 2,5 мың шақырымнан асатын су құбырын салу және реконструкциялау жұмысын жүргізіп жатыр. Бүгінде елдің 9 облысында жалпы саны 31 жоба іске асырылуда. 2024 жылы Ақмола, Алматы, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Ұлытау облыстарында 8 топтық су құбырын салу және реконструкциялау жобасы аяқталды. Бұл жұмыстар 208 мыңнан астам тұрғыны бар 49 елді мекеннің ауызсумен қамту жағдайын жақсартуға мүмкіндік берді, – деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов.
Айта кетейік, су үнемдеу технологиялары пайдаланылатын егіс алқабының аумағы 86%-ға ұлғайды.