Су ресурстары министрлігі судың «көлеңкелі нарығымен» қалай күресіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM - Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қызылорда облысының әкімдігінде өңірдің құқық қорғау органдары басшыларының қатысуымен судың «көлеңкелі нарығына» қарсы күрес мәселелері бойынша кеңес өткізді.

Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жиында заңсыз су алуды анықтау үшін министрлік мамандарынан құрылған мониторинг тобының жұмысы бойынша есеп тыңдалды.
Суды заңсыз пайдаланумен күресу үшін министрлік су объектілеріне тұрақты мониторинг жүргізу, су заңнамасын бұзушыларға қатысты жауапкершілікті күшейту және суармалы суды пайдалану ережелерін қабылдау сынды бірқатар нақты шараны қолға алды.
Биыл 10 маусымда суамалы суды пайдалану ережелері күшіне енді. Ережеде бекітілген тарифтен екі еселенген мөлшерде келісімшартсыз суды тұтынғаны үшін айыппұл санкциялары қарастырылған. Сондай-ақ су жеткізушінің келісімінсіз өсірілетін дақылдардың түрін өзгерткен жағдайда бекітілген тарифтен бір жарым есе жоғары айыппұл салынады.
Судың «көлеңкелі нарығына» қарсы күресті күшейту үшін Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов құқық қорғау органдарының өкілдеріне су ведомствосы құрған жұмыс топтарына қосылуды ұсынды.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сай министрлік судың «көлеңкелі нарығымен» белсенді күрес жүргізіп келеді. Бұл салада ашықтық пен тәртіпті, су ресурстарының әділ бөлінуін қамтамасыз етіп қана қоймай, су пайдаланушылардың құқығын қорғау үшін де өте маңызды. Суды заңсыз пайдаланушылардың әрекетін әшкере етіп, тәртіп орнату үшін құқық қорғау органдарымен бірлескен жұмысты күшейту керек»,- деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Осыған дейін Су ресурстары министрлігі Франция мамандарымен бірлесіп Балқаш көлі бассейніне зерттеу жүргізгені туралы жаздық.