Су ресурстарын қорғауға мемлекет, бизнес және азаматтық қоғам бірлесе атсалысуы керек - депутат

АСТАНА.KAZINFORM – Елімізде су ресурстарын қорғау жұмысын мемлекет, бизнес және азаматтық қоғам бірлесе қолға алуы керек. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ажар Сағындықова айтты.

Ажар Сағындықова
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

– Қазақстандағы су ресурстары мәселесі барған сайын өзекті болып келеді. Бұл мәселе экономикаға, ауыл шаруашылығына, халықтың денсаулығына және экожүйеге әсер етеді. Негізгі қиындықтарға тұщы су тапшылығы, су айдындарының ластануы, ресурстарды тиімсіз басқару және өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы арасындағы су үшін бәсекелестік жатады. Бұл мәселелерді шешу үшін барлық мүдделі тараптың – мемлекет, бизнес және азаматтық қоғам белсенді қатысуы қажет. Су ресурстарын тиімді басқару үшін мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы әріптестікті нығайту, жастарды тарту, білім беру бағдарламаларын кеңейту және экологиялық жобаларды қаржыландыруды арттыру маңызды. Кешенді тәсіл мен ынтымақтастық елімізде су ресурстарын әділ әрі тұрақты басқаруға қол жеткізуге мүмкіндік береді, - деді ол «Су ресурстарын сақтау және су жүйелерін орнықты басқару: Жаһандық бастамалардағы Қазақстан рөлі» атты халықаралық конференцияда.

жастар
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Сондай-ақ спикер жастарды, студенттерді су ресурстарын қорғау жобаларына қатысуға ынталандыру экологиялық тұрғыда жауапты жаңа буынды қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.

– Оқыту бағдарламаларын көбейту, қоғамдық ұйымдар мен жергілікті тұрғындарға арналған оқыту бағдарламаларын даярлау суды үнемдеп пайдалану көрсеткішін арттырады, - деп түйді сөзін депутат.

Айта кетейік, бұған дейін Су шаруашылығы комитетінің төрағасы елімізде бұл салада жоспарланған ауқымды жобалар туралы айтқан болатын.

Соңғы жаңалықтар