Су тасқыны: Ақтөбеде 400-ден астам үй сатып алынды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе облысы бойынша су тасқыны кезінде 4 мыңнан астам үй бүлінді. Оның мыңнан астамы жарамсыз деп танылып, тең жартысы салынып жатыр. Ал тең жартысы дайын үй сатып алуға шешім қабылдаған.

су
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Ақтөбе облысында су тасқынынан кейін қалпына келтіру жұмысы жалғасып жатыр. Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, барлығы 4 мыңнан астам үй мен саяжайдағы үй зардап шекті. Оның ішінде 3 мың үйдің иесіне баспананы жөндеу, қайта қалпына келтіру үшін қаржы аударылды. Облыс бойынша 400-ден астам дайын үй сатып алынды.

«Қазіргі кезде аудандарда 511 үй салынып жатыр. Сонымен бірге тұрғындардың қалауы бойынша 503 үйді сатып алу жұмысы жүргізіледі. Өңірдегі үй құрылысы маусым айында басталды. Жоспар бойынша қыркүйекте толық аяқталады деп отырмыз. Мәселен, Қобда ауданындағы үйлер шілде айының соңында аяқталып, қолданысқа беріледі. Ал Ырғыздың Сарыода жеріндегі үй құрылысы облыс бойынша ең соңында аяқталады. Себебі ауыл Нұрадан көшіріліп, кештеу басталды», - деді Ақтөбе облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Аслан Жарасбаев.

Ал Ақтөбе қаласында үй салынбайды, тек жаңа пәтерлер сатып алынады. Оларға Алтын орда, Есет батыр, Юнис сити тұрғын алаптарынан жаңа пәтер беріліп жатыр.

«Қалада 200 пәтер сатып алып беру жоспарланып отыр. Қалған 303 үй аудандарда. Бұл бағыттағы жұмыстар Мұғалжар, Әйтеке би, Ойыл, Қобда, Ырғыз, Темір аудандарында жүріп жатыр. Ереже бойынша үйі жарамсыз деп танылған адаммен арада келісім жүреді. Аудан бойынша дайын үй сатып алғысы келсе, үй іздейді. Ауданда бағасы 20 млн теңгеден аспаса, бағалау өткізіліп, сатып алынады. Ал қалада бірінші нарықтан пәтер беріліп жатыр», - деді Аслан Жарасбаев.

Айта кетейік, Ақтөбе облысы бойынша 50-ге жуық мердігер мекеме құрылыс жұмысын жүргізіп жатыр. Көбі жергілікті мердігер мекемелер. Қаржы BI Group, Болат Өтемұратов қоры, «Қазақстан халқына» қоры және ERG компаниялар тобынан бөлінді. Сондай-ақ облыс бойынша 3454 өтініш иесіне материалдық шығын үшін қаржы төленді.

Соңғы жаңалықтар