Ақтөбелік мұғалімдер балалы отбасыларды ауылға көшіп келуге шақырды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Қобда ауданы Ақсай бастауыш мектебінің ұжымы әлеуметтік желі арқылы хабарландыру беріп, балалы отбасыларды ауылға шақырды. Мұнда жеке кәсіпкер алып қойған үй беріледі. Тіпті ауыл халқы қысқа қажетті отыны мен бағатын мал әзірлеп қойған.

ауыл
Фото: Дина Бекеева

Қобда ауданы Ақсай ауылындағы білім ордасы бұған дейін негізгі мектеп болды. Соңғы 2020-2021 оқу жылынан бастап бастауыш мектеп болып өзгерді. Ауылда 26 үй бар. Бұған дейін 7 бала білім алса, қазір 3-еуі бала ғана қалды. Мектеп ұжымы білім ордасы жабылып қалмауы үшін жан-жаққа хабарландыру беріп, көшіп келушілердің бар жағдайын жасамақ ниетте. 

ауыл
Фото: Дина Бекеева

«Біз бастауыш сыныпта оқитын балалары бар отбасыны іздеп жатырмыз. Былтырғы оқу жылында бізде 7 бала болды. Оның екеуі 4-сыныпты бітірді, екеуінің отбасы көшіп кетті. Қазір үш бала ғана қалып тұр. Мектепті сақтап қалу үшін тағы екі оқушы керек. Хабарландыру берген соң бір отбасы хабарласты. Қазір мектептің 2 мұғалімі сол отбасыны ауылға алып келу үшін жолға шықты. Ауылдан кеткен адамдардың үйін сатып алған кәсіпкер сол баспананы береді. Ауыл адамдары мал береді, қыста жағатынын отынын дайындайды. Көшіп келушілерге үйді тазартып, әзірлеп қоямыз», - деді Ақсай бастауыш мектебінің меңгерушісі Дина Бекеева.

Оның айтуынша, былтыр да дәл осындай жолмен ауылға екі баласы бар бір отбасы көшіп барды. 

ауыл
Фото: Дина Бекеева

«Ауылда суға сүзгі қондырылған. Жолымыз жасалып жатыр. Мал ұстауға өте ыңғайлы. 2025-2026 жылдары газ құбыры тартылады деп жатыр. Ауылдан көшкіміз келмейді. Мектепте отырған мұғалімдердің еңбек өтілі 25-30 жыл болады. Қазір 3 мұғалім бар. 8-і кіші қызметкер. Барлығы 11 жұмыс орны. Мектеп ғимаратында клуб пен медпункт бар. Мектеп көмірмен жылытылады. Қазандық мектеп жанында бөлек орналасқан», - деді Дина Бекеева.

Айта кетейік, Ақсай ауылында 27 үй бар. Қобда ауданынан 15 шақырым қашықтықта орналасқан ауылдағы үй бағасы шамамен 500 мың теңге.