Су тасқыны: Ақтөбе облысында 1 966 адам өтемақы алды

Қаза тапқан 17 кеншінің отбасына әлеуметтік төлем тағайындалды
Фото: gov.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккен 1 966 отбасы 638 млн теңгеден астам бірреттік өтемақы алды. Бұл туралы Ақтобе облысы әкімінің баспасөз хатшысы Гүлбағда Көбеева айтты.

«Көктемгі су тасқынына байланысты облысымыздың алты ауданы мен Ақтөбе қаласында жергілікті ауқымдағы табиғи сипатқа ие төтенше жағдай жарияланды. Ырғыз ауданында су тасқынына қарсы шаралар атқарылуда. Бұл жақта 81 үйді су басқан еді. 23 сәуірде Ырғыз ауданында жағалауды нығайту жұмыстары жүргізілуде», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте. 

Оның дерегінше, облыстағы Белшер кенті тұсына 90 дана қап , 30 тонна инертті материал, Құйлыс ауылында 310 дана қап, 110 тонна инертті материал, Жайсанбай ауылында290 дана қап, 110 тонна инертті материал төселді. Ырғыз ауданына гуманитарлық көмек ретінде азық-түлік, дәрі-дәрмек, төсек-орын, барлық қажетті зат жеткізілді. Сондай-ақ, осы ауданында бірреттік әлеуметтік төлем алуға 10 адам ниет білдірді. Барлығына 100 айлық есептік көрсеткішті құрайтын қаржы, яғни 3 млн 700 мың теңге жіберілді.

«Осы су тасқынынан зардап шегіп, өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға біржолғы әлеуметтік төлем беру жұмыстары жалғасады. Жергілікті өкілетті органдардың шешімдері негізінде бүгінгі күні Ақтөбе қаласы мен Әйтеке би ауданының тұрғындарына 300 мың теңге, қалған аудандарға 369 мың теңге берілуде. Өтемақыны облыс бойынша 1 966 азамат алды. Жалпы төлем сомасы 638 млн 862 мың теңгені құрайды. Өтемақы беру бойынша ең көп өтініш түскен аймақтар қатарында Ақтөбе қаласы (1 151 өтініш), Ойыл (350), Қобда (200) аудандары бар. Мамандар бір күнде 140-қа дейін өтінішті қарап, қаржыны өтініш иелерінің шоттарына қаражат жіберіп жатыр», - деді Гүлбағда Көбеева.

Соңғы жаңалықтар