Су тасқыны: Ақтөбеде бұзылған бөгеттер жөнделе ме

Ақтөбе
Фото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Су тасқыны кезінде Ақтөбеде коммуналдық меншіктегі 15 бөгет бұзылды. Үшеуінің кепілдік мерзімі бар. Ал, өзгесінің жобасы жасалып, кейбірінде құрылыс басталды. 

Көктемгі су тасқыны кезінде бұзылған коммуналдық меншіктегі 15 бөгеттің үшеуі былтыр ғана қолданысқа беріліп, сыр берген. Олар​ Әйтеке би ауданындағы «Щербаков», «Тереңсай» және Алға ауданыдағы «Көсем» бөгеттері. Қазіргі кезде «Көсем», «Тереңсай» бөгеттерін мердігер мекемелер қалпына келтіріп жатыр. Ал «Щербаков» бөгетіне қатысты қозғалған қылмыстық іс әлі тергеуде. Сондықтан мұнда жұмыс тоқтап тұр.

– Ойыл ауданындағы «Ақкемер», «Қаратал» бөгеттеріне жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалып, қазір экологиялық сараптамадан өткізіліп жатыр. Құжат әзірлеу үшін қаржы аудан әкімдігінен бөлінді. Биыл құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Оған 945,5 млн теңге қаржы қажет. Ал Темір ауданындағы «Қара» бөгетін қалпына келтіруді «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ы міндетіне алды. Мұндағы шығын - 200 млн теңге. Осы аудандағы «Қопа» бөгетіне қажетті жоба дайындалып, мердігер мекеме анықталды. Қазір жөндеу жүріп жатыр. Ал «Құмсай», «Шитүбек» бөгеттеріне арналған жобалары сараптамаға жіберілді. ​Сонымен қатар, Шұбарқұдық, Задепо, Еңбекші, Бабатай, Шұбаршы қорғаныс бөгеттерін (дамба) салу үшін жобалары дайындалуда, - деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

Айта кетейік, Ойыл, Темір аудандарындағы бөгеттерді қалпына келтіру үшін Үкіметтің төтенше жағдай резерві есебінен қаржы сұралып жатыр.

– Ырғыз ауданындағы «Шеңбертал», «Жаныс би», «Аманкөл», «Қара арық», «Ырғыз» қорғаныс бөгеттеріне техникалық тексеру жүргізілді. Аталған бөгеттерді жөндеу және нығайту үшін жобалық-сметалық құжат дайындалып жатыр. Сонымен қатар, «Құтикөл», «Белшер», «Қарасай», «Құрылыс», «Құмтоғай» қорғаныс бөгеттерінін салу жоспарланып отыр. Бүгінгі күні Тәуіп, Мамыр, Жайсаңбай бөгеттерін жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттамаларына түзетулер жүргізіліп жатыр, - деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Еске салсақ, Ақтөбедегі Ырғыз ауданында су тасқынына қарсы күрес жұмысы жаз шыққанға дейін жүрді. Мұнда Тәуіп ауылының тұрғындары, әскерилер, төтенше жағдайлар қызметкердері үш ай бойы жағаны бекітті. 

Ал, Қобда ауданы бойынша Сауқайын, Батыс, Орал-Ойыл бөгеттеріне жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалып, сараптамадан өткізіліп жатыр. Құны- 419,4 млн теңге. Ал Жарық, Қоғалы, Қанай, Кенетай, Білтабан, Қызылжар, Лиман қорғаныс бөгеттерін қалпына келтіруге арналған құжат үшін 23 млн теңге қаржы қажет.

Көктемде бұзылған «Мағаджан» бөгеті қазіргі кезде жекенің қолында. Қылмыстық іс қозғалып, тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Соңғы жаңалықтар
telegram