Су тасқыны: Ақтөбеде мал шығынын өтеуге 1 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Биыл су тасқыны кезінде 11 мыңнан астам мал шығыны болды. Өтемақыға 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.
Ақтөбе облысында шаруалардың және тұрғындардың мал шығыны өтелді. Оған бюджеттен 1,1 млрд теңге, қор есебінен 562 млн теңге қаржы бөлінді. Сонымен бірге қоғамдық қор қаржысы да жұмсалды.
— Шығынды өтеу жұмысы 2025 жылдары да жалғасады. Қазіргі кезде мал сатып алу жұмысы жүріп жатыр. Негізі 11 мың бас өңірдегі мал басының көбеюіне кері әсерін тигізбеді. Осы жылы мал басы 6%-дан 20%-ға дейін өсті, — деді Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқарасының бөлім басшысы Панабек Бимұратов.
Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік басқармасының хабарлауынша, Ақтөбеде шаруалардың үйі мен қорасын қалпына келтіру үшін мүлік шығыны есептеліп, комиссияда қаралды. Алайды шығын тек 2025 жылдың бірінші тоқсанында өтеледі.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ақтөбеде кәсіпкерлер шығыны өтелді.