Су тасқыны: Атырау облысында тағы бір жолды тасқын су басты
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында Жем өзенінің суы «Құлсары-Мұқыр» бағытындағы жолды шайып кетті.

«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Атырау өңірлік филиалының баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, тасқын су аталған жолды жырған.
«Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласынан Қызылқоға ауданындағы Мұқыр ауылына дейін қатынайтын жолдың ұзындығы – 136 шақырым. Жем өзенінің арнасынан асқан су аталған жолдың 135-шақырымын шайып кетті», - деп хабарлады филиалдың баспасөз қызметі.
Жолдың бүлінуіне байланысты «Құлсары-Мұқыр» бағытындағы жода көлік қатынасы тоқтады.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын тасқын судың қаупіне байланысты Жылыой ауданында төтенше жағдай жарияланды.
Күндіз Құлсарыдан Доссорға дейінгі жолдың бір бөлігін су басты.
Бүгін тасқын су Құлсары қаласына кіре бастағанын хабарлаған болатынбыз.