Су тасқыны: Атырауда 500 үйге электр қуаты қайта берілді
АСТАНА. KAZINFORM – Атырау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағалиев өңірдегі су тасқыны жағдайы туралы баяндады.

«Жылыой ауданындағы жағдайға қатысты оң динамика байқалады – соңғы бірнеше күнде Жем өзеніндегі су деңгейі 85 см төмендеді, Доссор-Құлсары тас жолын қалпына келтіру жалғасуда. Сондай-ақ, қаланың өзінде су айдау жұмыстары белсенді жүргізілуде. Бұл мақсатқа 58 техника жұмылдырылды, өткен тәулікте 11 мың текше метр су сорылды», - деді Руслан Жұмағазиев Республикалық ақпараттық штабта өткен брифингте.
Сондай-ақ, спикердің айтуынша, электр қуатын қалпына келтіру жұмыстары жүруде. Қазір 500 үйге электр қуаты қайта берілді, күн сайын 60-тан 100-ге дейін үй қосылып отырады.
«Жылыой ауданы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты, күн сайын су сынамалары алынады. Автожанармай құю станцияларының, азық-түлік дүкендерінің, дәріханалардың, қоғамдық тамақтану орындарының қызметі қайта жанданды», - деді ол.