Су тасқыны: Атыраудағы Талдыкөл ауылының тұрғындары үйіне оралды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Су тасқынынан төнген қауіпке байланысты Атырау қаласына көшірілген Талдыкөл ауылының тұрғындары үйіне оралды. 

Махамбеттегі Талдыкөл ауылының тұрғындарын мәжбүрлі эвакациялау басталды
Фото: Атырау облысының жедел штабы

Махамбет ауданы әкімінің орынбасары Арман Әділғалиевтің айтуынша, Бейбарыс ауылдық округіне қарасты Талдыкөл ауылына баратын жолдың бір шақырымы уақытша қалпына келтірілген.

«Атырау-Орал трассасынан Талдыкөл ауылына баратын 7 шақырым жолды тасқын су басты. Соған байланысты ауыл тұрғындары Атырау қаласына эвакуацияланған еді. Бүгін Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті мен АРЕС жоғары колледжінің жатақханаларында ашылған эвакуациялық пункттерге орналасқан 147 тұрғын ауылға оралды», - деді Арман Әділғалиев.

Талдыкөл ауылының тұрғындарын эвакуациялауға жауапты үйлестіруші Дулат Хамзиннің айтуына, тұрғындар үш автобуспен тасымалданған.

«Қазір тасқын судың деңгейі төмендеп келеді. Дегенмен, ауылға баратын жолдың екі жағында әлі де мол су тұр. Сондықтан, тұрғындарды балаларды жол бойындағы суға, бөгет бойына жібермей, қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырамын», - деді Арман Әділғалиев.

Әкім орынбасарының дерегіне қарағанда, Талдыкөл ауылында тәулік бойы кезекшілікті атқару жалғасып жатыр. Қауіпсіздік шараларына төтенше жағдайлар және полиция департаменттерінің, жергілікті атқарушы органның қызметкерлері, ауыл тұрындары тартылған.

Еске сала кетелік, бұған дейін Махамбеттегі Талдыкөл ауылының тұрғындарын мәжбүрлі эвакациялау басталғанын хабарлаған едік.

Кейін Талдыкөл тұрғындары үйіне қайықпен оралып жатқанын жазған болатынбыз

Соңғы жаңалықтар