Су тасқыны аймақтарында оқушылар аралық бақылау тапсырмайды

Еділ Оспан
Фото: Видеодан алынған кадр

АСТАНА. KAZINFORM – Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан су тасқынынан зардап шеккен, ТЖ жарияланған елді мекендердегі педагогтар мен балаларға жасалатын жеңілдіктер туралы айтып берді.

Оның айтуынша, 7 мыңнан астам балалар мен олардың ата-аналары жайлы орындарға көшірілді.

«Атырау, Ақтөбе облыстарында барлық білім алушылар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарында – ТЖ жарияланған елді мекендерде мектептерде ағымдағы және аралық бақылау тоқтатылды. Яғни тоқсандық баға қорытынды баға ретінде шығарылады», - деді министрлік өкілі 10 республикалық арнада өтіп жатқан телемарафонда.

Ақтөбе, Ақмола, Атырау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстарында білім алушылардың оқу жетістігі мониторингін жүргізу 15 сәуірден 13 мамырға ауыстырылды.

«Педагогтарды аттестаттау рәсімі аясында тестілеу сәуірден тамызға қарай шегерілді. Оның ішінде су тасқыны салдарынан тұрғын үйінен айырылған педагогтар бұл тестілеуді бір жылдан кейін де өте алады», - деп түсіндірді вице-министр. 

Сонымен бірге, телемарафонда мектебін су тасқынынан қорғауға атсалысқан мұғалімдер туралы сюжет көрсетілді.

Соңғы жаңалықтар