Су тасқыны: Батыс Қазақстанда 7 мыңдай адам эвакуацияланды

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында су тасқынына байланысты 7 мыңдай адам эвакуацияланды.

су тасқыны
Фото: БҚО ТЖД

БҚО ТЖ департаментінің аға инженері Нұржан Төлеуіштің мәлім еткеніндей, соның 3 мыңнан астамы – балалар. Оның айтуынша, қазіргі уақытта 1 мыңнан астам адам эвакуациялық пункттерде орналасса, қалғандары жақын-жуықтарына кетті.

«Кейінгі тәулікте 141 адам көшірілсе, соның 43-і – балалар. Эвакуациялау жұмыстары Теректі және Бөрлі ауданында жүргізілді. Теректі ауданы Ұзынкөл су қоймасы бақылауда. Дрондар жұмыс жасап жатыр. Бөрлі ауданында Елек өзенінің деңгейі 703 сантиметрге көтерілуіне байланысты Димитров және Қарашығанақ елді мекендерінен 25 адам Жарсуат ауылына эвакуацияланды. Елек өзенінің суы 15 сантиметрге түсті деген ресми хабар алдық. Қауіпті аумақтарда тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. 10 елді мекен бұрынғыша көлік қатынасынсыз қалып отырса, 13 жолдың үстімен су өткен. 60 жол учаскесін су шайған», - деді Н.Төлеуішев.

Нұржан Маратұлының сөзіне қарағанда, облыс бойынша 1 млн астам текше метр су сорылып, 200 мыңнан астам қапшық төселді. Апаттық-құтқару жұмыстарына 1900-ден астам адам (365 техника, 76 су соратын мотопомпа) жұмылдырылды. ТЖ, жергілікті атқарушы органдар күштерімен қатар Ұлттық ұлан жауынгерлері, Маңғыстау облысынан келген құтқарушылар атсалысуда. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жайық өзені Орал қаласы тұсында 10 метрге көтерілетіні туралы жалған ақпарат тарағанын жазған болатынбыз. Сондай-ақ Орал қаласында зардап шеккен тұрғындардан өтініш қабылдау басталды. 

Соңғы жаңалықтар