Су тасқыны: БҚО-да 32 мың адам сыятын 317 уақытша орналастыру пункті дайын

ОРАЛ. KAZINFORM - Батыс Қазақстан облысында азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесі жоғарғы дайындық режиміне көшірілді.

Су тасқыны
Фото: БҚО ТЖД

БҚО ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасы бастығының міндетін уақытша атқарушы Исмаил Азаматтың мәлім еткеніндей, осы айдың соңына таман «Су тасқыны — 2025» айлығы басталады.

Оның айтуынша, облыс бойынша 1 817 техника, 123 жүзу құралы, 455 мотопомпа, жеке құрамнан 4 126 адам су тасқынына қарсы шараларға дайын. Сондай-ақ 2 162 тонна инертті материал, 510 мың дана қапшық, 423 тонна жанар-жағар май, 655 тонна азық-түлікке 195 келісімшарт әзір. 

— Бұдан бөлек, топырақ салынған 62 мыңнан астам қап қала мен аудандарда қоймаларда сақталып тұр. Оған қоса 32 мың адамды қабылдай алатын 317 уақытша орналастыру пункті және үй жануарларын қауіпсіз жерге көшіру үшін 195 орын дайын, - дейді И. Азамат.

Ол сонымен қатар облыс өзендерінде 5 бригаданың мұз жару жұмыстарын жүргізуі үшін келісім-шарт жасалатынын тілге тиек етті.

Атап айтар болсақ, өзендерде мониторингті жақсарту мақсатында бұрыннан бар 22 гидробекетке жаңадан қосымша жетеуі ашылды. Сонымен қатар Жайық, Шаған, Деркөл өзендерінде су тасқыны қаупін алдын ала анықтауға арналған 3 автоматтандырылған кешенді орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда тасқын судан келер қауіп қандай екенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар