Су тасқыны: БҚО-да гуманитарлық көмек қалай ұйымдастырылып жатыр

көмек
Фото: AMANAT партиясы БҚО облыстық филиалы

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында су тасқынына байланысты күрделі жағдай туындаған жерлерге гуманитарлық көмек жеткізіліп жатыр.

AMANAT партиясы БҚО филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Афиза Семғалиеваның айтуынша, алдымен «Жастар рухы» жастар қанатының еріктілері Зачаган кентінде қар суына тосқауыл қою жұмыстарын атқарып жатқан төтенше жағдайлар қызметкерлеріне ыстық тамақ, шай апарып, қолұшын берді.

көмек
Фото: AMANAT партиясы БҚО филиалы

Содан кейін Қаратөбе ауданында Қоржын ауылы су астында қалып, тұрғындардың, соның ішінде балалардың үстерінде киімдерінің жұқа екендігін естігеннен кейін тезірек гуманитарлық көмек жеткізу қажеттігі туындады.

көмек
Фото: AMANAT партиясы БҚО филиалы

«Осы орайда партия фракциясының мүшелері, облыстық және қалалық мәслихат депутаттарына қаржы жинау жөнінде ұсыныс жасадық. Сондай-ақ филиалдар қызметкерлері бір күндік жалақыларын аударды. Соның нәтижесінде 7,2 млн теңге жиналды. Біз халықтан қаржы жинаған жоқпыз, бәрі өз қаражатымызға жасалды. Сөйтіп, Қоржын ауылы суға кеткеннен кейін келесі күні түске дейін 4 тонна гуманитарлық көмек жеткізілді. Сондай-ақ Сырым ауданын да су басқаны белгілі. Жолшыбай ол жерлерде болғанда, тұрғындар балалар киімдерін, жөргектер, гигиеналық заттар керектігін айтты. Ал Алматы облысы Ұзынағаш ауылынан келген сарбаздар аяқтарындағы етікке су кеткендіктен, кептіріп үлгермей жатыр екен. Келесі күні Сырым ауданына 4 тонна көмек жеткізілді. Сол сияқты Теректі ауданы Аңқаты ауылында дәрі-дәрмектер, жаңадан туған нәрестелерге тамақтар керек болды. Оларға да қажетті заттар апарылды. Біз тұрғындар хабарласқан кезде ысырапшылдық болмас үшін әрі қаржымызды тиімді жұмсау үшін, нақты не нәрсе керек, соның тізімін жасап аламыз», - дейді А. Семғалиева.

көмек
Фото: AMANAT партиясы БҚО филиалы

Партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары осындай көмектің қажеттілігіне қарай су басқан басқа да ауылдарға жеткізіліп жатқанын айтты. 

көмек
Фото: AMANAT партиясы БҚО филиалы
көмек
Фото: AMANAT партиясы БҚО филиалы

«Жиналған қаржымыздан 1,2 млн теңгеміз қалды. Осыған тағы да гуманитарлық көмек жөнелтеміз. Сонымен қатар партия филиалы ғимаратында кезекшілік ұйымдастырылып, Volkswagen, «Жайықмоторс» орталықтарының қолдауымен автокөліктер су басқан кезде халықты эвакуациялауға қатысатын болады. Оған қоса, республиканың түкпір-түкпірінен әріптес-партияластарымыз хабарласып, көмек қолдарын созып жатыр. Айталық, Шымкент қаласынан 20 тонналық азық-түлік, киім-кешек, төсек тиелген арнайы көлік келе жатыр», - деді А. Семғалиева.

көмек
Фото: AMANAT партиясы БҚО филиалы
көмек
Фото: AMANAT партиясы БҚО филиалы

Облыстық «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Архат Исламғалидің нақтылауынша, өңірде барлығы 35 ерікті жұмыс жасап жатыр.

«Бұдан бөлек, Шымкенттен гуманитарлық жүкпен бірге 6 волонтер келе жатыр. Еріктілер қапшыққа құм толтыру, гуманитарлық жүк жеткізу, тұрғындарды эвакуациялау жұмыстарына белсене қатысып жүр», - деді А. Исламғали.

көмек
Фото: AMANAT партиясы БҚО филиалы

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстан облысында 430-дан астам үйге су кіргенін жазған болатынбыз. Өңірде 10 елді мекен қатынассыз қалды.

Соңғы жаңалықтар