Су тасқыны: БҚО-да жағдайдың тұрақталуына байланысты 100 атыс қаруы иелеріне қайтарылды

БҚО
Фото: БҚО полиция департаменті

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында су тасқыны басталғаннан бері 441 адамнан 631 атыс қаруы полиция департаментіне сақтауға алынды.

БҚО полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Жанболат Жаншиннің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, соның ішінде Оралда – 38, Ақжайық ауданында – 166, Бөрліде – 162, Бәйтеректе – 90, Жаңақалада – 88, Қаратөбеде – 4, Сырымда – 27, Теректіде 56 қару алынды.

Жанболат Жасқайратұлының сөзіне қарағанда, жедел жағдайдың тұрақталуына байланысты 100 атыс қаруы иелеріне қайтарылды. 

БҚО
Фото: БҚО полиция департаменті

Батыс Қазақстан облысы әкімінің шешімі негізінде 2024 жылғы 1 сәуірден бастап табиғи сипаттағы төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты полиция департаментінің жеке құрамы күшейтілген түрде қызмет атқаруға көшірілген болатын. 

Ж.Жаншиннің айтуынша, су тасқыны басталғаннан бері қоғамдық тәртіпті сақтау, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, халықты су басқан аймақтардан эвакуациялау, зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету және басқа міндеттерді орындауға 1 535 полиция мен Ұлттық ұлан қыметкерлері, 152 техника жұмылдырылды. Соның ішінде Ұлттық ұланның 500 сарбазы Шымкент, Қызылорда қалаларынан келіп, жағдайдың қалыпқа келуіне өз үлестерін қосты. Ұйымдастырушылық мәселелерді жедел шешу және басшылықты жүзеге асыру үшін полиция департаментінде жедел штаб құрылды.

БҚО
Фото: БҚО полиция департаменті

«Қазіргі уақытта полиция мен Ұлттық ұлан қызметкерлері саяжайларда ұрлықты болдырмау үшін тәулік бойы қызмет етуде. Олар жаяу жүрумен бірге қажет кезде қайықпен, квадроциклдармен де шығады. Соның нәтижесінде тонау және мародерлік фактілеріне жол берілген жоқ. Облыста мүдделі органдармен бірлесе отырып, су тасқыны зардаптарын жою жұмыстары жалғасуда», деді Ж.Жаншин. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да мал шығыны бойынша өтемақы қалай беріліп жатқанын жазған болатынбыз.

БҚО-да су тасқынынан жапа шеккен 1 690 адамға 612 млн теңге материалдық көмек көрсетілді.

Соңғы жаңалықтар