Су тасқыны: БҚО дәрігерлері Астанаға баруы тиіс жүкті келіншекті босандырып алды
ОРАЛ. KAZINFORM — Батысқазақстандық дәрігерлер Астана қаласындағы республикалық төртінші деңгейдегі «Ана мен бала» орталығына жолданған жүкті келіншекті Бөрлі аудандық орталық ауруханасында аман-есен босандырып алды.

Аталмыш аурухана директоры Алтынай Баймұратованың мәлім еткеніндей, Ақсай қаласының тұрғыны Мариям Дүзбатырова алғаш рет екіқабат болып, жүктіліктің 9 аптасында есепке тұрған.
Алтынай Кеңесбайқызының сөзіне қарағанда, бастапқы тексеру қорытындыларының барлығы қалыпты болған.

«Алайда жүктіліктің 30-аптасында электр кардиограмма тексерісі нәтижесінде жүрек ырғағының бұзылуы анықталып, облыстық кардиологиялық орталыққа жолданды. Келіншек 28 ақпан мен 12 наурыз аралығында аталған орталықта ем қабылдап, облыстық және республикалық деңгейде мамандармен консилиум құрылып, аритмологтан кеңес алынған. Консилиуммен Мариямның Астана қаласындағы «Ана мен бала» орталығында босануы керектігі туралы шешім қабылданған» дейді аурухана директоры.
Дәрігердің айтуынша, жүкті әйел жолға дайындалып жүрген сәтте, 2 сәуір күні таңғы сағат 05.00-де жүктіліктің 35 апта 6 күнінде ерте қағанақ суының кетуіне байланысты аудандық аурухананың босану бөліміне түскен.
Дәл осы кезде тасқынға байланысты Орал-Ақсай арасындағы автожолдың бір бөлігін су шайып кеткен еді.
«Мариямды облыстық перинаталдық орталыққа жеткізу мүмкіндігі болмағандықтан, жедел түрде облыстық штаттан тыс мамандармен ұялы телефон арқылы консилиум құрылды. Санавиация мамандарын өзімізге шақырттық. Жүкті әйелдің өзі жеңілденген жағдайда оның өміріне қауіп төну мүмкіндігі ескеріліп, ота, яғни кесар тілігімен босандырып алу туралы шұғыл шешім қабылданды. Осылайша, аудандық және облыстық санавиация мамандарымен бірге командалық жұмыс атқарылып, нәтижесінде ешқандай асқынусыз салмағы 3 316 грамм ұл бала дүниеге келді. Қазіргі таңда ана мен сәбидің денсаулығы бірқалыпты. Олардың жағдайы аудандық және облыстық дәрігер мамандармен толық бақылауда. Жуырда үйіне шығару жоспарланып отыр» деді А.Баймұратова.
Босану процесіне облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Әбдірахманова басшылық етті.
Жүкті келіншек пен шақалақтың өмірін аман алып қалуға аудандық аурухана директорымен бірге санавиация дәрігерлері, дәрігер-анестезиолог Әзиз Ешмұхан, кардиореаниматолог Айдар Мырзағалиев, акушер-гинеколог Тимур Мұхаметияров атсалысты.

БҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің нақтылауынша, жүкті келіншек пен шақалақтың өмірін аман алып қалуға аудандық аурухана директорымен бірге санавиация дәрігерлері, дәрігер-анестезиолог Әзиз Ешмұхан, кардиореаниматолог Айдар Мырзағалиев, акушер-гинеколог Тимур Мұхаметияров атсалысты. Сондай-ақ аудандық аурухана директорының ана мен баланы қорғау жөніндегі орынбасары Индира Есентұрлиева, реаниматолог-анестезиолог Лариса Исмағұлова, босану бөлімшесінің меңгерушісі Нұрсая Суталиева, гинекология бөлімінің меңгерушісі Бекзат Мақсымов, неанатолог Әсем Қарабекова сүбелі үлес қосты.
