Су тасқыны: БҚО тұрғыны аудан әкімдігін сотта жеңіп шықты
ОРАЛ. KAZINFORM — Сырым ауданы орталығы Жымпиты ауылының тұрғыны Айжан Ертаева өткен жылғы тасқын судан зардап шеккен еді.

Заңгер, БҚО қоғамдық кеңесінің мүшесі Бауыржан Ахметжанның Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында мәлім еткеніндей, А.Ертаева 2017 жылдан бері Жымпиты ауылы С.Сейфуллин көшесіндегі 2-үй 2-пәтерде тұрған.
Үйі суға кеткеннен кейін өткен жылы 3 сәуірде «Дауымшар» ЖШС техникалық зерттеу жүргізіп, пәтерді әрі қарай пайдалануға болады, жөндеу керек деп қорытынды берген.
Б.Ахметжанның сөзіне қарағанда, сол жылы 8 мамырда «Қуатов Ержан» ЖК мүлікке келтірілген зиянды 2 млн 194,588 мың теңге деп бағалаған.
Алайда А.Ертаева мұнымен келіспей, 24 мамырда шығын қайта есептеліп, әкімдік жөндеуге 5 млн 672,234 мың теңге берген. Маусым-шілдеде жұбайы екеуі осы қаржыға жөндеу жасаған.
- Әйтсе де 26 тамызда «Қалиев Абат» ЖК қайтадан техникалық зерттеу жүргізіп, үйді пайдалану қауіпті, жөндеу орынсыз, апатты жағдайдағы ғимарат бұзылуға жатады, деп қорытынды берген. Яғни 3 ай 2 күннен кейін әкімдік қайтадан комиссия жолдап, басқа шешімге келген. 10 қыркүйекте ескі баспана бұзылып, 28 желтоқсанда отбасы жаңа пәтерге кірді, - дейді заңгер.
Бірақ іс мұнымен бітпей, аудан әкімдігі сотқа беріп, Сырым аудандық сотының биылғы 11 наурыздағы шешімімен (судья Марина Сахипова) А.Ертаевадан 5,6 млн теңге өндірілген.
- Бұдан кейін әділдік іздеген тұрғын облыстық сотқа апелляциялық шағым беруге мәжбүр болды. Бүгін облыстық соттың судьясы Тұрсын Оразова істі толық, жан-жақты қарап, әділ шешім шығарды. Аудандық соттың шешімі бұзылып, 5,6 млн теңге өндіру негізсіз деп табылды. Айжан Ертаевадан 5,6 млн теңгенің ішінен тек іс жүзінде пайдаланылмаған 1,5 млн теңге ғана өндірілді, - деді Б.Ахметжан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын су тасқынына байланысты Оралда сот қала әкімін комиссия шешімін қайта қарауға міндеттегенін жазған едік.