Су тасқыны кезінде уақытпен санаспай еңбек еттік - қызылордалық құтқарушы
АСТАНА. KAZINFORM - Мемлекет басшысының Жарлығымен еліміздің су тасқыны болған өңірлерінде құтқару жұмысына белсене қатысқан Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері Еркін Әмірханов «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Бұл - өз саласында 12 жылдан астам тәжірибе жинақтаған маманға берілген лайықты баға.
Еркін Әмірханов азаматтық қорғау саласында еңбек етіп келеді. Өзінің қызметтік міндеттерін тиімді және адал орындайды. Қазір Қызылорда облысы ТЖД Жедел-құтқару жасағының бас құтқарушысы қызметін абыроймен атқарады.
«Біз елімізде болған су тасқынының алдын алу үшін уақытпен санаспай еңбек еттік. Қызылордалық құтқарушыларды 1 сәуірден бастап Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарындағы су тасқынымен күреске көмек көрсетуге жіберді. 2-6 сәуір аралығында Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы Әйке ауылындағы су тасқынының алдын алу бағытында жұмыс істедік. Тәуліктің кез келген уақытында еңбек еттік. Ауа райының қолайсыздығына қараған жоқпыз. Құтқару және эвакуациялау жұмыстарына белсене атсалыстық, сол арқылы ауылдың 1395 тұрғынын қауіпсіз жерге шығаруға көңіл бөлдік. Су басқан аумақтың халқын батыс жақ бетінен шығыс жақ бетіне қарай тасымалдадық», - дейді ол.

Сондай-ақ қызылордалық құтқарушылар 7-11 сәуір аралығында Қостанай облысы Тобыл өзені жағасын құм толтырылған қаптармен бекітті, қауіпті аумақтарда кезекшілік жүргізуге белсенді қатысты.
«Ал 19-20 сәуір аралығында Орал қаласы аумағында орналасқан саяжай тұрғындарын эвакуациялау мен бөгеттерді күшейту жұмыстарын жүргізген едік. Оған қоса. 24 сәуір-21 мамыр аралығында Атырау облысы Индер ауданы Жарсуат ауылында Жайық өзеніндегі мол судың салдарынан аралда қалып қойған 172 бас малды қауіпсіз жерге шығару жұмыстарын атқардық», - дей ол.