Су тасқыны кезіндегі ерлігі үшін бірқатар батыс қазақстандық азамат мемлекеттік марапатқа ие болды

су
Фото: БҚО әкімдігі

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Президенттің Жарлығына сәйкес су тасқыны кезінде қызметтік және азаматтық борышын атқарудағы жанқиярлығы, сондай-ақ төтенше жағдайда көрсеткен ерлігі үшін бірқатар азаматтарға Мемлекет басшысының атынан мемлекеттік наградаларды табыстады.  

Облыс әкімі барша Батыс қазақстандықтарға су тасқыны кезінде көмек қолын созғандары үшін алғысын білдірді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев күні кеше су тасқынымен күресуге қол ұшын созған азаматтардың еңбегін жоғары деңгейде атап өткен болатын. Тасқынға төтеп беру жұмыстары барша өңір халқының бірлігінің арқасында жүзеге асты. Сыни сағатта ұйымшылдық танытып, туған өлкемізді аман алып қалу шараларына белсенді қатысқандарыңыз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін», - деді Нариман Төреғалиев.

«Батыс Қазақстан АЭЖК» ЖШС электр монтері Жанболат Өмірзақов пен «Жайықжылуқуат» АҚ экскаватор машинисі Құмарғали Сапаров ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталды. Ал «SAPA90» ЖШС директоры Жасұлан Ешмұхамбетов, Бәйтерек ауданы Январцев орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің орман инспекторы Дамир Құрманов және «Батыс Қазақстан Сауда» ЖШС техникалық директоры Ахмет Италиев «Ерен еңбегі үшін» медальдарына ие болды. 

су
Фото: БҚО әкімдігі

Жалпы батыс қазақстандық 10 азамат Президенттің Жарлығымен жоғары наградаларға ие болды. 19 маусым күні Астана қаласында Мемлекет басшысының қатысуымен өткен шарада Қаратөбе ауданы «Нұрқанат» ШҚ жетекшісі Қалимұрат Серікбайұлына – «Құрмет ордені», Сырым ауданы «Сырым» МКК механизаторы Азамат Талғатұлына Бақтығалиев, Теректі ауданы «Авангард» ЖШС эксковаторшысы Қайрат Хамидоллаұлына – ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені, Орал қаласы «№3 Облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» МКҚК жаттықтырушысы Ерлан Ермекұлына «Ерен еңбегі үшін» медалі, Бәйтерек ауданы «Январцев ауылдық округі әкімінің аппараты» ММ күзетшісі– Руслан Жақсығалиұлына– «Ерен еңбегі үшін» медалі табысталған болатын. 

су
Фото: БҚО әкімдігі

 

Соңғы жаңалықтар