Орынбордағы Ирикла су қоймасынан секундына 1600 текше метр су жіберіліп жатыр

ОРАЛ. KAZINFORM — Орынбор облысындағы Ирикла су қоймасынан секундына 1600 текше метр су жіберіліп жатыр. Бұл туралы «Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалының басшысы Рауан Хұсайыновқа Төменгі Еділ бассейндік су басқармасы Орынбор облысы бойынша су ресурстары бөлімінің бастығы Сергей Ридель мәлім етті.

Ирикла
Фото: wiki2.org

С. Ридель мұны Жайық өзені бассейнінде қалыптасып отырған гидрологиялық және су шаруашылығы жағдайымен, Ирикла су қоймасына құйылып жатқан ағыстың көбеюімен түсіндірген.Осылайша, Ирикла қоймасынан су жіберу бір тәулік ішінде әлденеше рет өсті. Айталық, кеше аталған қоймадан секундына 790 текше метр су босатылған еді.

«Қазгидромет» РМК БҚО филиалының директоры Тілеген Шапановтың бүгінгі сағат 12.00-де берген мәліметі бойынша Жайық өзеніндегі су деңгейі Бәйтерек ауданы Январцев ауылы тұсында 702 (қауіпті шегі — 1250 см), Оралда 592 (850) сантиметрге жетті. Шаған өзені Чувашин тұсында қауіпті деңгейден (1300) 5 сантиметрге асып кетті. Ал Деркөл өзенінің деңгейі Белес ауылында 25 сантиметрге төмендеді.

«Ирикла қоймасынан жіберілген су Жайыққа қосылып, одан Батыс Қазақстан және Атырау облысы аумақтары арқылы Каспий теңізіне құйылады», - деді Т. Шапанов.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да Жайық өзенінің деңгейі 850 сантиметрге жетуі ықтимал екендігін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар