Су тасқыны: Жылыой ауданында 5 кәсіпкерлік нысан, 1 шақырым жол бүлінді
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысының Жылыой ауданында елді мекендерді тасқын судан қорғау әлі жалғасып жатыр.

Облыстық жедел штабтың ақпаратына сүйенсек, Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласының 19 учаскесінде бөгетті бекіту қолға алынған.

«Жылыой ауданында 4 сәуір күні сағат 02:22-де Жем өзеніндегі су деңгейі көтеріліп, 2 метр 60 см-ге жетті. Аудан орталығы – Құлсары қаласынан 12 шақырым жерде орналасқан Қарағай елді мекенін су басу қаупі төнді. Күндізгі сағат 16:00-ге дейін тасқын судың салдарынан 5 кәсіпкерлік нысан су астында қалды. Құлсары-Доссор аралығындағы 1 шақырым жолды су шайды. Жол үстін басқан судың ені – 1 шақырым, тереңдігі – 15 см. Автожолдың бұл бөлігі көліктің барлық түрі үшін жабылды» деп хабарлады облыстық жедел штабтан.

Қарағай елді мекенін тасқын судан қорғау үшін құм салынған 600 қап, 1200 тонна инертті материал төселген. Ал Аққизтоғай ауылдық округінде 7 шақырым бөгет салынған. Бөгетке құм толтырылған 2 мың қап қойылған.

«Қазір ауданда бөгеттерді нығайту жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұл мақсатқа арналған 37 мың 700 дана қап, 114 мың тонна инертті материал дайын тұр» деп мәлім етті облыстық жедел штабтан.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Жылыой ауданында Жем өзенінің суы 2 метр 53 см-ге көтерілген еді.
Кейін Құлсары қаласындағы көпір уақытша жабылды.
Тасқын судың қаупіне байланысты Жылыой ауданында төтенше жағдай жарияланды.
Күндіз Құлсарыдан Доссорға дейінгі жолдың бір бөлігін су басты.
Сондай-ақ, Атырау полицейлері Қарағай ауылындағы үйлерді тәулік бойы бақылауға алды.
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов бүгін төтенше жағдай жарияланған Жылыой ауданына барды.
Атыраудағы әскери бөлімнің қызметшілері Жылыой ауданына көмекке келді.