Су тасқынынан кейін тұрғын үйлерді салу мен жөндеу нәтижесі қандай
АСТАНА. KAZINFORM – Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі көктемдегі су тасқынынан кейін құрылысы жоспарланған тұрғын үйлерді пайдалануға беру мәселесіне қатысты түсінік берді.

«2024 жылғы 7 қазандағы жағдай бойынша 17 603 тұрғын үйге зақым келді (11 987 – тұрғын үй, 5 616 – жалғыз баспана деп танылған саяжай). Барлық нысандар бойынша техникалық тексеру және бағалау жүргізілді. Тексеру нәтижесі бойынша 9 156 үй жөндеуге жарамды. Сондай-ақ, 8 447 үй қалпына келтіруге жарамсыз, олар бойынша қайталама нарықта 5 767 үй мен пәтер сатып алу және үлгілік жоба бойынша 2 680 үй салу жоспарланған. Су тасқынынан зардап шеккендерді тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін өңірлердің әкімдіктері барлық жоспарланған үйлердің құрылысының басым бөлігін аяқтады, яғни 2 655 үй (99%) салынды», - делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Ведомство ақпаратына қарағанда, Ақмола облысында – 330 үй, Ақтөбе облысында – 500, Атырау облысында – 100, БҚО-да – 864, Қостанай облысында – 153, Павлодар облысында – 5 үй, СҚО-да – 700, сондай-ақ Ұлытау облысында 3 үйдің құрылысы қамтылды. Қалған үйлерді биылғы 15 қазанға дейін тапсыру жоспарланған.
Бұдан бөлек, қайталама нарықта 5 767 үй мен пәтер сатып алынды (100%). Осы тұрғыда Ақмола облысында 221 үй, Ақтөбе облысында – 513, Атырау облысында – 1 376, БҚО-да – 1 939, Қостанай облысында – 315, Қарағанды облысында – 6, Павлодар облысында – 1, Ұлытау облысында – 2, СҚО-да 1 394 үй тапсырылды.
«Барлық 9 156 үй бойынша жөндеу жұмыстары аяқталды (100%). Бұл ретте, Абай облысында – 16 үй, Ақмола облысында – 715, Ақтөбе облысында – 3 074, Атырау облысында – 1 198, БҚО-да – 1 343, Қостанай облысында – 815, Қарағанды облысында – 47, Павлодар облысында – 32, Ұлытау облысында – 17, СҚО-да 1 899 үй жөнделді», - деп аталып өткен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мәліметінде.
Айта кетейік, жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан көктемгі су тасқыны салдарын өзгенің көмегінсіз еңсере алғанын айтты.