Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Су тасқынынан қорғайды: Су ресурстары министрлігі ауқымды жоба әзірлеп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM - Су ресурстары және ирригация министрлігі «Абай және Шығыс Қазақстан облыстарындағы гидротехникалық нысандар мен ирригация жүйелерін қалпына келтіру және дамыту» жобасын әзірлеп жатыр, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

су тасқыны
Фото: ҚР ТЖМ

Қазіргі таңда бұл өңірлердегі су қоймалары мен каналдарды реконструкциялауға бағытталған 24 жобадан тұратын пул жасалды.

Қазіргі уақытта Еуропалық қайта құру және даму банкі қаржысы есебінен іске асыру үшін мемлекеттік инвестициялық жобаға оң қорытынды алынды. Құрылыс-монтаж жұмыстары 2027-2029 жылдары жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр. Жоба Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасында көзделген.

-Ауқымды жоба Қазақстанның шығыс облыстарындағы су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған. Бұл су ресурстарын, оның ішінде трансшекаралық су ресурстарын тиімді басқаруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ елді мекендерді су тасқыны кезінде қорғауды күшейтіп, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының дамуына ықпал етеді, – деді Су шаруашылығы имараттарын дамыту департаментінің директоры Сағи Үтелов.

Осыған дейін үш жылда су саласындағы ұзаққа созылған жобалар саны екі есеге азайғаны туралы жаздық.