Су тасқынынан зардап шеккен балаларға сауықтыру орталықтарына жолдама беріледі

АСТАНА. KAZINFORM – Оқу-ағарту министрлігі өңірлік білім басқармаларымен бірлесіп, уақытша орналастыру пункттеріне жеткізілген балалардың жағдайын назарда ұстап отырғанын жеткізді. Ең көп зардап шеккен аймақтарда тұратын балаларға сауықтыру орталықтарына жолдамалар бөлінген.

тасқын
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ведомствоның ресми өкілі Мереке Амангелдіқызы уақытша орналастыру пунктеріндегі балаларға психологиялық қызметтердің жұмысы ұйымдастырылғанын айтты. Қашықтан оқу үшін балалар қажетті оқу құралдары және техникалық құралдармен қамтамасыз етілген.

«Ақмола облысының «Жас дәурен» лагеріне 80-нен астам бала барады.

Бұдан бөлек, оқушылар республикалық маңызы бар инновациялық мектеп-лицейлердің жатақханаларында орналастырылады. Маңғыстау облысының қосымша 28 білім беру ұйымы Атырау облысының Құлсары қаласынан эвакуацияланған тұрғындарды қабылдайды. Су тасқыны жағдайы байқалатын өңірлерде барлығы 127 білім беру нысаны тұрғындарды уақытша орналастыру пунктері болып белгіленді. 20 мыңға жуық білім беру қызметкері су тасқынына қарсы іс-шараларға еріктілер ретінде қатысады, олардың 10 мыңнан астамы эвакуация пункттерінде. Салалық келісімге сәйкес, ТЖ қолданылу кезеңінде білім беру қызметкерлерінің жалақысын есептеу ТЖ енгізілгенге дейін белгіленген мөлшерде жүргізіледі», - деді ол.

Айта кетейік, Оқу-ағарту министрлігі мұғалімдерді қолдау мәселесін де пысықтап жатыр. Төтенше жағдай жарияланған өңірлерде педагогтарды аттестаттаудан өту күндері неғұрлым кеш мерзімге ауыстырылмақ.